Саясаткер Жанболат Мамайға үкім шықты

Dalanews 10 сәу. 2023 09:44 190

Билік оппоненті, саясаткер Жанболат Мамай 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оған осы мерзімде қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға толық тыйым салынды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот саясаткерді 3 бірдей қылмыстық бап бойынша кінәлі деп тапты.

Оның 6 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Оған қоғамдық және саяси жұмыспен айналысуға, қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласуға тыйым салынды. Сондай-ақ Мамайдан 800 мың теңгеден астам ақша өндіріледі.

Айта кетелік, Жанболат Мамайға «Қасақана жалған ақпарат тарату» (274-бап), «Билік өкілін қорлау» (378-бап) және «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру» (272-бап) бойынша айыптар тағылған еді.

Алғашқы екі тарау 2021 жылғы оқиғаларға, ал үшіншісі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты болып отыр.

"Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмаған оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылды.

Бірнеше айдан соң Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды.

Мамай сол кезде "билік мені 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген. 1000-нан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күштеп таратқан еді.


Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатыспағанын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінен бір күн бұрын күйеуіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп есептейді.

27 наурызда өткен сот отырысында сөйлеген сөзінде Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x