Қазақстанда кен өндіру және металлургия салаларындағы өндірістік қауіпсіздікті күшейту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, министрлік Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдауда. Кен өндіру саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте бекітілген. Соған сәйкес әрбір жер қойнауын пайдаланушы кен өндіру жоспарын төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органмен келісуге міндетті.
Өткен жылы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін жаңартуға инвестиция тарту жоспары бекітіліп, оның аясында 55 шахта мен кен орны тексерілген.
Тексеру нәтижесінде сегіз компанияның он өндірістік нысанында персоналды іздеу және позициялау жүйелері жоқ екені анықталған. Ал қалған кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздік жабдықтарын жаңарту қажеттілігі белгілі болған.
Қазіргі уақытта аталған сегіз компанияның өндірістік бағдарламаларын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Үш компаниямен персоналды позициялау жүйелерін орнатуға инвестиция бөлу жөнінде келісім жасалса, қалған бес компания қажетті техникалық шешімдер мен жабдық жеткізушілерін анықтап жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес металлургия саласында жаңғыртуды қажет ететін 50 ірі кәсіпорын айқындалып, олардың жұмысын бақылау үшін Техникалық қайта жарақтандыру бақылау картасы әзірленген.
Сонымен бірге жер асты радиобайланысы, персонал мен техниканы позициялау жүйелері, автоматтандырылған медициналық бақылау, желдету және газ ортасын мониторингтеу, геомеханикалық және сейсмикалық бақылау, бейнеаналитика мен жасанды интеллект технологияларын біріктіретін бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесі қалыптастырылып жатыр.
Qarmet компаниясының шахталарында да персоналды бақылау және позициялау жүйелері, конвейерлердегі автоматты өрт сөндіру жүйелері іске қосылған. Рудниктерде өндірістік процестер цифрландырылып, карьерлердің үш өлшемді модельдерін жасау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда.
«Қауіпті жағдайларды автоматты анықтау, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тәуекелдерге жедел әрекет ету үшін жасанды интеллект пен бейнеаналитика технологиялары қолданылып жатыр», – деп атап өтті министрлік.
Министрліктің мәліметінше, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, апаттар мен жарақаттанудың алдын алуға, адами фактордың ықпалын азайтуға және тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алдағы уақытта да өз құзыретіне кіретін барлық салаларда өнеркәсіптік қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырады.