Сауд Арабиясындағы мұнай зауытына жасалған шабуыл: Иран Израильді айыптады

Қаракөз Амантай 04 нау. 2026 10:14

Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Израильді Сауд Арабиясындағы Saudi Aramco компаниясына тиесілі мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылға қатысы бар деп айыптады. Агенттік әскери дереккөздерге сүйене отырып, бұл әрекетті Израиль ұйымдастырған "жасырын операция" болуы мүмкін деген болжам келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Иран тарапының мәліметінше, Израиль осындай әрекет арқылы өңір елдерінің назарын Иран аумағындағы азаматтық нысандарға жасалған шабуылдардан басқа жаққа бұрып, Тегеранның беделін түсіруге тырысқан.

Ал Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі мен халықаралық сарапшылар бұл оқиғаны Иран тарапынан жасалған шабуыл ретінде қарастырады. Олардың айтуынша, мұнай өңдеу зауытына бағытталған соққы Иранның дрондары мен зымырандары арқылы жасалған. Бұл - АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған бірлескен соққыларына жауап болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Сауд Арабиясының Рас-Таннура қаласында орналасқан, тәулігіне 550 мың баррель мұнай өңдеуге қауқарлы зауыт қауіпсіздік мақсатында уақытша тоқтатылған. Зауыт аумағында екі ұшқышсыз ұшу аппараты ұсталып, соның салдарынан шектеулі көлемде өрт шыққаны хабарланды. Алайда өрт жедел түрде сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелмеген.

Бұл оқиға әлемдік мұнай нарығына да әсер етті. Парсы шығанағындағы жеткізілімдердің тұрақсыздануы мүмкін деген қауіпке байланысты Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 10 пайызға қымбаттады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove