14 қазанда таңертең әлемдік нарықта мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан уақытымен сағат 05:30-дағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнай фьючерстері 89 центке немесе 0,8 пайызға қымбаттап, барреліне 106,58 долларға жетті. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 80 центке немесе 0,9 пайызға өсіп, барреліне 94,94 доллар болды.
Бір күн бұрын Brent бағасы 0,9 пайызға төмендесе, WTI 0,4 пайызға қымбаттаған еді.
Reuters мәліметінше, баға қайта өсуіне Сауд Арабиясынан мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылық себеп болған. Кейінгі аптада хуситтер корольдікке бірнеше рет зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасаған болатын.
Бұған дейін Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі Дахран қаласындағы мемлекеттік Saudi Aramco мұнай компаниясының әкімшілік ғимаратына да соққы жасалғанын хабарлады.