Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам активті қайтарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті хабарлады.
Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер қайтарылды.
Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.
Сатыбалдыұлынан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды.
Сонымен қатар, жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды.
Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңге Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды.
Жалпы сомасы 33 млрд теңге Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.
Оларға: Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла; Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер; құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік; құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.
Басқа істерді ескере отырып, Қайрат Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарды.