Сатыбалдының құдасы, олигарх Сейітжанов Мұз сарайынан айырылып қалды

Сағыныш Сардарова 18 мау. 2024 15:51 6426

Шымкенттегі "Мұз сарайы" мемлекеттің бақылауына қайтарылуда. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz 
 
Департамент қала прокуратурасымен бірлесіп, "Мұз сарайын" мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдаған. 
 
"27 мамырда бірінші сатыдағы сот "Спорт сарайы" ЖШС үлесін (67 пайыз) жеке меншікке 128 миллион теңгеге сатып алу-сату шартының күшін жойды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - деп мәлімдеді Ерғарин.
Даудың басы болған Мұз сарай жыры 2017 жылы шықты. Сол кезде Шымкенттегі мұз сарайын олигарх сатып алғаны туралы ақпарат БАҚ-та жиі жазылды.
 
"Аукцион арқылы сатылған мұз сарайын жергілікті шенеуніктер "ұстап тұру – шығын. Жылына 40 млн минусқа кетеміз" деп түсіндірген. Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуінен мұз сарайын ұстап тұра алмадық деген шенеуніктердің сөзі алты жыл өткенде өтірік боп шықты. Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкенттің әкімі ол кезде Ғабидолла Әбдірахымов болатын. Ал Мұз сарайы қаладағы, тіпті облыстағы ең үлкен спорттық ғимараттардың бірі еді. Қысқы спорт түрлерінен оқушыларды жаттықтыратын жалғыз мұз сарайы да осы", - деп жазды басылымдардың бірі бұл туралы.

Деректерге сүйенсек, нысанның құны алғашында 996 944 000 теңге деп белгіленсе де, үшінші рет аукционға шығарғанда 67 пайыз үлесі бар болғаны 128 миллион теңгеге ғана сатылып кеткен.

"Сатып алған - "Мұнай Құрылыс Сервис" ЖШС. Мұз айдынының қалған 33 пайызына "Саут-Ойл" ЖШС иелік етеді. Ал бұл екі компанияның да иесі – Серікжан Сейітжанов.

Өңірді Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған 2007 жылдары бұл сарайға мұз айдыны салынып, қысқы спорт түрлерінен жаттығу жасайтын орынға айналған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шөкеев 404 миллион теңге ақша жұмсап, оның 33 пайызын қала кәсіпкерлері шығарды деген. Қалған сомма бюджеттен алынған болатын. Араға он жыл салғанда бұл ғимаратты ұстап тұра алмаймыз деген шенеуніктер аукционға жүгінген",- деп жазылған еді БАҚ мәліметтерінде бұл сарай туралы.

Ал Серікжан Сейітжанов Қазақстандағы табысы мол байлардың қатарында көш бастайды. Олигарх Шымкенттегі ірі қонақүйлерді де басқарады, оған қоса оның Қайрат Сатыбалдының құдасы екені де жиі айтылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар