"Ол тұста мен үшін түрлі өсек-аяң пен алып-қашпа болжамдарға қарағанда, президент Тоқаевқа қолдау көрсету маңызды болды. Мен оған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өкілеттігін тапсырдым. Президенттің шұғыл шешімдерінің арқасында оқиғаның асқынуына жол бермей, үлкен трагедияның алдын алды", – деді Назарбаев өз сұхбатында.
Экс-президент күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының елде дайындалған тәртіпсіздіктер туралы неліктен білмегенін және алдын алмағанын анықтау керегін мәлімдеді.
Назарбаевтың айтуынша, туыстары оның атын пайдаланып, заң бұзса, тиісті жауапқа тартылуы тиіс.
"Біз ұзақ уақыттан бері Қазақстанда құқықтық мемлекет құрып жатырмыз. Оның негізгі принципі – заң барлығына бірдей. Егер менің туыстарым менің сыртымнан атымды пайдаланып заң бұзса, тиісті жауапкершілікке тартылады. Кінәсі сот арқылы дәлелденуі қажет. Әр азаматтың заңмен қорғалуына құқығы бар екенін ұмытпауы керек", – деді Назарбаев.
Елбасы Рахат Әлиев туралы да айтып өтті. Сөзінше, Әлиевтің күйеу баласы болуы оның заң аясында жазаға тартылуына кедергі болмаған.
"Барлығы Рахат Әлиевтің оқиғасын білетін шығар. Ол менің қызымның күйеуі еді. Мен үшін де ұлым сияқты болатын, немерелерінің әкесі. Бірақ мұның барлығы оның заңсыз әрекеттеріне мемлекеттің көз жұма қарауына негіз болмады. Алайда қашып үлгерді және өмірінің соңына дейін қашып жүрді", – деп қосты ол.