Сарайшық қаласының 620 гектары жеке меншікте – облыс әкімі Н.Ноғаев

Dalanews 25 шіл. 2016 04:42 708

Өткен демалыс күндері Атырау қаласында өткен Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссиясының кезекті отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы жер мәселесіне қатысты кейбір сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде ежелгі Сарайшық қаласының территориясы да бар. Әкімнің айтуынша, ол жер жеке меншіктің қолында. Кәсіпкер ол жерде емдік шөптерді өсіруді көздейді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
– Жиынның басында Тайжан мырза (комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан – авт.) біраз сұрақтар қойған болатын. Соған жауап берейін. «Сарайшықтағы 620 гектар жер неге басқаларға беріледі?» деген сұрақ болды. Ол 620 гектар жер қазақстандық азамат Мирзоев дегеннің жеке меншігінде. Ол жерді 2005 жылы алған. Қазіргі таңда сол жерде 170 гектар декоративті ағаш егеді ол. Үйеңкі, терек, ива егіліп жатыр. 40 гектар жерге бір жылдық мал азығы дақылдарын, шөптер егеді. Алдағы уақытта 100 гектарға алма бағын егу жоспарлануда. Және сол жерде медицина бағытында емдік шөптер егу жоспарлануда. Себебі ол кісі мынау Атыраудың түбінде фармацевтикалық фабриканың құрылысы жүріп жатыр. Құны – 7 млрд. 400 млн. теңге. Соның құрылтайшыларының бірі. Сол жерде еккен өсімдіктерін сол фабрикада қолданады, – деді Н.Ноғаев.

dalanews sariaishikАймақ басшысының сөзіне қарағанда, кезінде Бақтықожа Салахатдинұлының (Атырау облысының бұрынғы әкімі – авт.) тапсырмасымен Сарайшықтың бір жарым километрін бекіту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған болатын. Жобаның жалпы құны – 1 млрд. 600 млн. теңге. Бүгінде ол ақшаның 100 млн. теңгесі бөлініп, конкурстық процедуралар өтіп жатыр. Келесі жылы аталған жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ6 Н.Ноғаев Тайсоған полигонының жері жайында айтып берді.
– Тайсоған полигонының аумағы 750 мың гектар болған. Қазақстан үкіметінің жүргізген келіссөздердің нәтижесінде қазіргі таңда 625 мың гектар жер қайтарылды. Қазір қалғаны – 125 мың гектар. Сол Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекеттік келісімшартың негізінде қолданылып жатыр, – деп атап көрсетті ол.

Айта кетейік, комиссияның бүгінгі отырысы барысында экономикалық топтың жетекшісі А.Күрішбаев жерді жалға берудің демократиялық шарттарын жариялады. Тағы бір топтың жетекшісі Мұхтар Тайжан бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу орнатылатынын, халықтың жерді сатуға қатысты комиссияның әрбір мүшесі қандай дауыс бергенін білуі керектігін жеткізді.

Ал сенаторы Қуаныш Айтханаовтың ойынша, Атырау облысында 10 сотық жер мәселесін бір-екі жылда шешіп тастауға әбден болады. Президент Н.Назарбаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдап, жер реформасы бойынша республикалық комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды. Осы және басқа да мәселелер тамыздың соңында өтетін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде қаралмақ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар