ҚР Ұлттық банкінің сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізген кезекті макроэкономикалық сауалнамасының нәтижелері жарияланды. Оған сәйкес, теңге бағамы, инфляция, тіпті базалық сыйақы мөлшерлемесі бойынша күтілетін болжамдар көңіл көншітпейді, деп жазады Dalanews.kz.
2025 жылға арналған базалық мөлшерлеменің болжамдары сарапшылардың инфляциялық күтулеріне сәйкес, 2025 жылы 12,0%-дан 12,5%-ға дейін өзгеріп отыр. 2026 жылға арналған бағалаулар 10,1%-дан 10,3%-ға дейін түзетіліп, 2024 жылға болжамдардың медианалық мәндері қазіргі - 14,6% деңгейінде сақталады.
Ұлттық валютаның 1 АҚШ долларына шаққандағы орташа болжамды бағамы 2024 жылы - 464-тен 466,5 теңге, 2025 жылы 484-тен 486,9 теңге және 2026 жылы 494,3 теңгеден 498,3 теңге болып қайта түзетілді.
Сарапшылар 2025 жылға инфляция болжамдарын 6,7%-дан 6,9%-ға түзетті, 2024 жылы 8,4% және 2026 жылы 6,0% деңгейінде қалдырып, болжам пессимистік сипатқа ие болды.
Биыл қараша айында 2025 және 2026 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары жаңартылған. Медианалық күтулерге сәйкес, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 76,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады (бұған дейін – 75,0 АҚШ доллары). 2026 жылға қарай болжам бойынша бұл баға 74 долларға дейін төмендетілген. 2024 жылға күтулер 80,4 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты.
Қазақстанның ЖІӨ-нің өсімі бойынша 2024 жылға арналған болжамдары 4%-дан 4,2%-ға дейін өсу жағына қайта қаралыпты. Респонденттердің 2025 жылға арналған күтулері 5%-дан 4,7%-ға дейін төмендетілді. 2026 жылға экономиканың өсуі бойынша болжам 4,5% деңгейінде сақталған.
"Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының мәні – сауалнаманың негізгі параметрлері болды. Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 13 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді", делінген ҚР Ұлттық банк хабарламасында.