Сарапшы инклюзивті қоғам құрудың үш маңызды қадамын атады

Ақтоты Жапатова 13 нау. 2026 12:41

Қоғамда «инклюзия» ұғымы жиі айтылғанымен, оның нақты мәнін көпшілік толық түсіне бермейді. Әлеуметтік сала сарапшысы, Qazaq Expert Club мүшесі Нұржамал Именова инклюзияның мәні мен инклюзивті қоғам қалыптастыру жолдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Инклюзия деген не?

Сарапшының айтуынша, инклюзияның негізі – әртүрлілікті қабылдау және әр адамның өзгеше болу құқығын құрметтеу.

«Мүгедектігі бар адамдар сырт көзге өзгеше көрінуі немесе ерекше қажеттіліктері болуы мүмкін. Бірақ мәселе олардың өзінде емес. Негізгі проблема – қоршаған ортадағы кедергілер мен қоғамның көзқарасында. Егер адам көпқабатты үйде лифт жоқ болғандықтан, үйінен шыға алмаса; сабақта арнайы құрылғы болмағандықтан мұғалімді ести алмаса; балалар алаңында басқа балалар мазақ етсе немесе жұмысқа орналасарда қолындағы таяқты көріп бас тартса – бұл инклюзияның жоқтығын көрсетеді», – дейді ол.

Яғни, инклюзивті қоғам дегеніміз – адамдарды өзгерту емес, керісінше қоғамды әр адамға қолайлы ету.

Инклюзивті қоғам қалыптастырудың үш маңызды қадамы

Сарапшының пікірінше, инклюзивті қоғам құру үшін бірнеше негізгі бағытқа назар аудару қажет.

Біріншіден – қоғамның қабылдауы мен көзқарасын өзгерту. Мүгедектігі бар адамдарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау өте маңызды. Балабақшадан бастап білім беру жүйесінде инклюзия қағидаттары енгізілуі тиіс. Балалар бір-бірімен ерте жастан тең дәрежеде араласса, ерекше қажеттілігі бар адамдарды табиғи құбылыс ретінде қабылдайды.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары да маңызды рөл атқарады. БАҚ-та мүгедектігі бар адамдарды тек «ерекше кейіпкер» немесе «құрбан» ретінде емес, қоғамдағы әртүрлі рөлдерде – ана, қызметкер, студент, турист ретінде көрсету қажет.

Екіншіден – экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту. Мүгедектігі бар адамдар үшін тұрақты жұмыс, жартылай жұмыс істеу немесе жеке кәсіп бастау мүмкіндіктерін көбейту қажет. Алғашқы кезеңде қажет болса, кәсіби сүйемелдеу мен қолдау көрсету маңызды. Сарапшының айтуынша, бұл адамдар – ел экономикасына үлес қоса алатын маңызды адами ресурс.

Үшіншіден – көшбасшылық пен өзін-өзі дамыту бағдарламаларын дамыту. Мүгедектігі бар адамдар тиімді коммуникацияны үйреніп, өз мүмкіндіктеріне сенуі керек. Мұндай бағдарламалар олардың қоғамда белсенді болуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

«Өз қажеттіліктері туралы айту – ұят емес. Керісінше, бұл қоғамның естіп, дұрыс әрекет етуіне мүмкіндік береді. Адамдар өздерін бала кезден тең сезінсе, олар өмірдің барлық саласында белсенді бола алады», – дейді Нұржамал Именова.

Сарапшының пікірінше, инклюзивті қоғам құру – тек мемлекеттік саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove