Ел басқарған азаматтардың қандайда бір қаржылық топтарға қатысы бар екенін сыртынан тон пішіп айтып отыратын әдет қалыптасты. Мұндай әкім-қаралар мен министрлер арқандаулы ат сияқты, көзге көрінбейтін көкелерінен асып, іс тындыра алмайтынын халық жақсы біледі.
Осы дерт қазір еліміздегі шенеуніктің сипатына айналып бара жатқандай... Бірақ, мемлекет жолында, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген бірлі-жарым азаматтар бар. Олар тым аз. Дегенмен бар. Саусақпен-ақ санап алуға болады. Сондай санаулы азаматтардың бірі һәм бірегейі – Бердібек Сапарбаев.
Оның командасы бар ма?
Иә, ешкім Бердібек Мәшбекұлын қандайда бір қаржылық топтардың сойылын соғып жүр деп сын айтқан емес. Сапарбаевтың барған жерінде команда жасақтап, жұрт көзінен тасаланып бизнеспен айналысып, мемлекет қаржысына қол салғанын көрген де, естіген де емеспіз.
Содан шығар Назарбаев шаруасы шатқаяқтаған жерге Сапарбаевты жібереді. Бүгінгі тілмен айтсақ, Бердіекеңді «дағдарыстық менеджер» деп атауға болар.
«Дағдарыстық менеджерді» экономикалық мәселелерге қатысты айтуға болады. Ал әлеуметтік сала, ұлт мүддесі және идеология майданындағы олқылықтардың орнын толтырып, жұрттың тілін тауып, жұмыс істейтін басшыны мемлекетшіл тұлға деп атаған жөн. Иә, Бердібек Сапарбаев мемлекетшіл тұлға деген атқа лайықты.
Еңбек жолын Қызылорда облысындағы сол кездегі Задаринский кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған Сапарбаев өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, тағылым түйгені анық. Қаржы-экономика саласының жілігін шағып, майын ішкен маман тәуелсіздік жылдары ҚР Президент әкімшілігі мен Үкіметте жауапты қызметтер атқарып, әбден ысылған. Ол Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі болып тағайындалған күннен бері қажыр-қайратын мемлекетімізді нығайту жолына жұмсап келеді.
Оңтүстікті өркендету жолы
Ол 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі болып тағайындалғанда үлкен сынақтан өтті. Газы жоқ, жарығы жалп етіп жиі сөнетін сол кезде оңтүстікті басқаруға ешкімнің жүрегі дауаламас еді. Жершілдік пен рушылдықта асқынып тұрған.
"Жарықты жағып, газды тартпаса да оңтүстікті жергілікті жердің азаматтары басқару керек!" деген жазылмаған қағида өз күшінде-тұғын. Сапарбаев оңтүстікке әкім болып тағайындалған соң, шешімін таппаған әлеуметтік мәселелермен қатар абың-күбің әңгімелермен де күресуіне тура келді. Әдетте рушылдықтың пыш-пыш әңгімесін негізінен жоғарыда жүрген шенді-шекпенділер қоздыратыны жасырын емес.
Жұрттың қолымен от көсеп, қолайларына жақпаған адаммен жергілікті халықты қарсы қоюға арқылы күресу қашанғы әдет қой. Оңтүстіктің жағдайына жастайынан қанық Сапарбаев Астанада отырып, ұзын көсеулерімен аймақтарға бықсыған шала лақтырып отыратындардың сөзіне еріп, бітпес дауды қуған жоқ. Қайта бар ынта-ықыласымен жұмыс істеп, халықтың жағдайына жақсартуға күш салды.
1999-2002 жылдар Қазақстан енді ғана өз-өзіне келіп, аяғына тұра бастаған кез еді. Сапарбаев облыс тізгінін қолға алғаннан кейін қордаланған мәселелерді рет-ретімен шеше бастады. Халқының саны мен ауқымы жағынан Алматыға ғана жол беретін Шымқаланың аз уақытта шырайы кіріп, газы тоқтаусыз беріліп, жарығы сөнбейтін болды. Шағын және орта бизнес дамып, аймақ әлдене бастады.
Сапарбаев аймақтың рухани тұрғыдан өсіп-өркендеуіне де жіті көңіл бөлгенін білеміз.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде саяси қуғын-сүргін ұшырағандарға арналған мемориалдық кешендер мен мұражайлар халқымыздың қандай нәубетті бастан кешкенін жастардың есіне салып тұрғаны белгілі. Қазақтың жан азабын еске салып, өткеннен сабақ алуға үндейтін бұл жобаны Қазақстанда ең алғаш Бердібек Сапарбаевтың қолға алғанын қазір біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Сапарбаевтың бастамасымен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарымызды еске алатын сәулетті ең үлкен мұражай Шымкент қаласында бой көтерді. Оның игілікті бастамасы осыдан кейін еліміз бойынша қолдау тауып, жер-жерде әділетсіз жапа шеккен ұлт зиялыларына арналған ескерткіштер мен мұражайлар салына бастады.
Сапарбаевтың ұлттың рухын көтеру жолындағы маңызды жұмысының бірі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын халықаралық деңгейде ұйымдастырып, барша түркінің рухын оятуға бір кісідей атсалысқанында. Оның «Мәдениет жылы» аясында оңтүстіктегі рухани-мәдени айнасы саналатын ақын-жазушылар мен әнші-әртістерге мейлінше қамқорлық көрсетіп, бір жылда 224 пәтердің кілтін табыстағанын ешкім ұмыта қоймаған шығар. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында облыс әкімдерінің арасында бір жылда өнер адамдарына осыншама үй берген әкім болмағанына бәс тігеміз
Сол кезде жергілікті халықтың Сапарбаевқа деген ыстық ықыласына іштарлық жасаған шенділер «Сапарбаев өзінің руластарына пәтер таратты» деп әңгіме таратып, соңынан жоғары жақтан тексерушілер мән-жайды анықтағанда пәтердің басым бөлігін дау қуушылардың руынан шыққан өнер адамдары алғаны белгілі болып, талай адамның аузына құм құйылғанын ұмыта қойған жоқпыз.
Оңтүстіктің халқы о баста Сапарбаевты жатырқап қарсы алғанымен кейіннен қимастықпен шығарып салды. Ол оңтүстіктен кетіп бара жатқанда генерал Құлахмет Қалменов ақсақал:
«Оңтүстікті басқарған әкімдер жердің үстімен келіп, астымен кеткендей болушы еді... Қарағым-ай, сені оңтүстік халқы қимай тұр. Қайда жүрсең де абырой-беделің асқақтай берсін!» деп емірене әңгіме айтқаны есімізде қалып кетіпті.
Кеденнің кемшіліктері қалай жойылды?
Оңтүстікте табысты жұмыс істеген Сапарбаев бұдан кейін түбі жоқ терең шыңырауға құлап бара жатқан кеден саласын оңалтуға қажет болды. Кезінде еті тірі, пысық Зейнолла Кәкімжановтың ырқына көнбеген кеденде тәртіп орнату сол кезде ең өзекті мәселелердің бірі еді. Назарбаев бұл ретте пагон тағып, тапанша асынған күштік құрылымнан шыққан шенділерге сенім артқан жоқ.
Таңдау оңтүстіктің от пен суынан аман-есен өткен Сапарбаевқа түсті. Бұл жолы біз тағы да Президенттің таңдауы орынды болғанына аз ғана уақыттың ішінде көз жеткіздік.
Жұмысты жүйелеуге кешенді көзқараспен қарайтын Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте кеден саласындағы жүйесіз әрекетті жоюды жөн деп тапты.
Егер де кеден саласы осылай кете бергенде ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер төнер еді. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлы бұл салаға ашықтықтың ауадай қажет екенін түсінді.
Ол бірінші кезекте Қазақстанның кеден органын дамытудың үшжылдық бағдарламасын үкіметтік деңгейде қабылдатып, іске кіріскені есімізде.
Ол сол кезде жиі айтылатын «электронды үкімет» жүйесін оңтайлы пайдаланып, кедендегі адам факторын төмендетуге көңіл бөлді. Нәтижесінде кеденде сыбайлас жемқорлық күрт төмендеп, оның орнын ашықтық басқанына куә болдық. Осылайша кәсіпкерлердің кең тыныстап жұмыс істеуіне жағдай жасалынды. Сол кезде Сапарбаев Астанада отырып, кеден бекеттеріндегі тексерулердің қалай жүріп жатқанын бақылайтын жүйені қалыптастырып, халықтың кеден саласына деген сенімін қайтарды.
Бұл басы-көзі жоқ, мақтау емес. Әрине, Сапарбаев аталған саланы аяғына дейін түзеп кетті демейміз. Бірақ, азды-көпті еңбегін сіңірді. Жақсы жағынан үлес қосты. Оның іскерлігінің арқасында Қазақстанның кеден органы Дүниежүзілік кеден ұйымының мүше болып, одан саяси комиссиясының мүшелігіне өтіп, ТМД мен Балтық жағалауы елдерінің мүддесін қорғайтын айтулы органға айналды. Саланы сауықтыру үшін тағы да Сапарбаевтың сындарлы іс-әрекеті керек сияқты...
Шығыс және Ақтөбе
Ол Шығыс Қазақстанды басқарған сәтінде де соңынан жаман сөз ерген жоқ.
Шығыстағы алғашқы жұмыс сапарын қасиетті Абай ауданынан бастап, көрегенділік жасаған еді. Орысшыл Өскеменде қазақы мүддені жоғары қою жолында Сапарбаев қамшы салдырған жоқ. Облыстық әкімшіліктің дәл алдынан еңселі Абай ескерткішін тұрғызып, бұл елдің қожасы мен егесі кім екенін тағы бір мәрте нақты ісімен ұғындырды.
Ақын-жаушылардың басын қосып, жиі мүшәйра ұйымдастырып, шығыстың рухани тұрғыдан түлеуіне ерекше еңбек сіңірді. Бұдан басқа облыс аумағында қазақтілді балабақшалар мен мектептердің бой көтеруге күш салғанын айтуға тиіспіз.
Алакөл мен Катон-Қарағайда туризм кластерін дамытуға да баса мән беріп, шалғай жатқан аудандар арасында жолдар салынып, барыс-келіс қайта жанданды.
Дағдарыс өршіп, халықтың өрекпіген көңілін басу үшін Сапарбаев біршама уақыт вице-премьерлік креслоға тізе бүгіп, аяқ суытты. Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарған сәтінде білім мен денсаулық сақтау саласының жай-күйін жақсартуға күш салды.
Назарбаев шаруақор, жұртқа жұғымы бар Сапарбаевты Ақтөбе облысына әкім етіп тағайындағанда да өз есебі болғаны анық.
Діни ахуалы асқынған аймақтағы тіршілікті қалыпты арнасына түсіру үшін жұртпен тіл табысып жұмыс істейтін Сапарбаевтың іс-тәжірибесі аймаққа аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Ақтөбеге әкім болып тағайындалған Мәшбекұлы маужырап, қалғып кеткен жергілікті атқамінерлерді сілкіп алғанын білеміз. Әлі де сілкіп жатыр. Ол мемлекет қаржысына бизнес форум өткізіп, сөзбен іс бітіруге құмар шенділерге дағдарыс кезінде пайдасыз форумдарды қысқартып, ас ішіп, аяқ босатуға тыйым салғаны көпшіліктің көкейінен шықты.
Дайындаған, Нұрлан Жұмахан
Оны білетіндер не дейді?
Құлбек ЕРГӨБЕК, ақын, әдебиетші ғалым, филология ғылымының докторы:
– Бердібек Сапарбаев жалған кісілігі жоқ, қарапайым, қызметін де, қажыр-қайратын да халыққа арнаған азамат деп айта аламын. Жалпы, мұндай мемлекетшіл тұлғалар қалай қалыптасады деген заңды сұрақ туындайды. Меніңше, халық мүддесі үшін жұмыс істейтін азаматтардың қалыптасуына отбасы тәрбиесі әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек Мәшбекұлы адами болмысын мансапқорлыққа алдырмаған еліміздегі санаулы ғана басшылардың бірі деп есептеймін. Ол оңтүстікте әкім болып тұрған кезінде аймақтағы аудан-қалалардың басшыларын жинап алып: «Бәрің қомағайланып, он саусақты ауыздарыңа салып сорғыларың келеді. Халықты ойлап жатқан бірің жоқ. Ел мен жер болмаса сендердің әкімдіктерің кімге керек. Ел мүддесі жолында жұмыс істеп үйреніңдер» деп басшыларға ренішін айтқаны есімде қалып кетті.
Ол Оңтүстікке әкім болып тағайындалғанда аймақтың хал-ахуалы кісі қызығарлық деңгейде емес еді. Халық жарық пен газды толықтай ұмытқан-ды. Жұрттың көңіл-күйі де әрі-сәрі болатын. Ол 2,5 жыл бел жазбай еңбек етіп, жұртқа жарығын жағып, газын қосып берді. Өз басым Сапарбаевты іскерлігі жөнінен қара жолдан қаражат табатын адам дер едім. Осы қасиетінің арқасында ол қысқа мерзім аралығында облыстың хал-ахуалын арттырып, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы дамыған өңірге айналдырды. Менделеевтің «химия – ұлтты танымайды» деген сөзі бар. Сол сияқты экономика да ұлтқа бөлінбейді ғой.
Бірақ экономикалық қатынастарды жетік білген Б.Сапарбаев оңтүстікке әкім болған кезінде экономиканың ұлттық мүддеге жұмыс істеуіне барын салған басшы болды. Сол жылдары Мақтарал ауданы тұрғындары Өзбекстан аумағымен өтетін күре жолмен қатынаушы еді. Өзбектер күре жолды жауып, тұтас бір ауданның халқын тығырыққа тірегенде Бердібек Сапарбаев жедел әрекет етіп, Мақтаралға Қазақстан территориясымен тіке қатынау үшін Сырдария өзенінің үстінен көпір салып, мәселені ушықтырмай шеше білді. Сол кезде облыстың бюджеті қазіргі бір ауданның бюджетіне де жетпейтін. Басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін қаржының қиюын келтіріп, көпір салғанда оңтүстік халқы Сапарбаевтың іскерлігіне тәнті болған еді.
Бекен НҰРАХМЕТОВ, «Қордай» кедені басшысының орынбасары, кеден қызметінің полковнигі:
– Тәуелсіз Қазақстанның кеден жүйесінің биікке көтерілуі Бердібек Сапарбаевтың 2002-2006 жылдары ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы болып келуімен тікелей байланысты. Бұл артық, кемі жоқ – шын сөз. Бердібек Мәшбекұлының келуімен Қазақстанның кеден органын дамытудың үшжылдық бағдарламасы қабылданып, жұмыс барысы толықтай автоматтандырылды. Соның нәтижесінде кеден саласы іргелі реформаны бастан өткерді.
Аталмыш бағдарлама аясында кеден саласы кедендік тексерудің озық үлгідегі техникалық құралдарымен қамтамасыз етілді. Атап айтсам, инспекциялық тексеру кешені, тауарларды жеткізуді автоматты түрде бақылау механизмі, электронды өткізу пункті, «Янтарь» қондырғысы енгізілді. Сол кезде ақпараттық орталық, «бір аялдама», «бір күнде рәсімдеу» қағидаттары іске қосылды. Осы маңызды жұмыстар қолға алынбай тұрған кезде кеденшілердің бір жүк көлігін тексеру уақыты 4-5 күнге созылып кетуші еді. Жаңа автоматтандырылған жүйе –«инспекциялық тексеру кешені» іске қосылғаннан кейін бір жүк көлігін бар-жоғы 5-7 минутта тексеруден өткізетін деңгейге жеттік. Осы шаралардың нәтижесінде жұмыс процесі жеңілдеп, контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қойылды.
Сонымен қатар көптеген кеденшілер қызметтік пәтерлерге ие болғанын да атап айтуымыз керек. Ұмытпасам, 2003-2005 жылдары кеден саласының инфрақұрылымдық-материалдық жағдайын нығайтуға 11 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып, нәтижесінде 50-ден астам жаңа нысандар мен 7 мың шаршы метр тұрғын үй кеденшілердің пайдалануына берілген еді. Бұл түсінген адамға үлкен жұмыс. Б.Сапарбаевтың басқаруы кезінде Қазақстан тұңғыш рет әлемнің 200-ден астам елі мүше болып табылатын Дүниежүзілік кеден ұйымының саяси комиссиясының мүшелігіне қабылданды.
Дүниежүзілік кеден ұйымның саяси комиссиясына қабылданған Қазақстан біраз жыл ТМД мен Балтық жағалауы елдерінің мүддесін қорғаған болатын. 2005 жылы Бердібек Мәшбекұлы Алматыда Бүкіл Дүниежүзілік кеден ұйымының кезекті басқосуын ұйымдастырып, аталмыш шараға Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Мишель Доле келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Ол Қазақстанның кеден органының жұмысына жоғары бағасын берді. Аз ғана уақыттың ішінде Бердібек ағамыздың іскерлігінің арқасында кеден саласы адам танымастай өзгерді. Қазақстан кеденінің даму деңгейі әлемнің озық елдерінің қатарына көтерілді, халықаралық стандарттарға сай жетілдірілді. Сонымен қатар елуге жуық кеденшілердің еңбектері ескеріліп, мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл кеденнің тарихында болып көрмеген жағдай.