"Санитарлық талап 99%-ға сақталмаған". Маңғыстау мектептерінде жаппай заңбұзушылық тіркелді

Қаракөз Амантай 09 мау. 2025 14:52

Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың жаппай улануынан кейін Маңғыстау облысындағы 66 мектептің асханасын тексеріп, соның 65-інен санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Нәтижесінде 62 қызметкер жұмысынан шеттетіліп, 18 миллион теңге көлемінде 57 айыппұл салынды. Сонымен қатар, 60 нұсқама беріліп, бір іс сотқа жолданды.

Басты бұзушылықтар мыналар:

  • санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы;

  • мерзімі өткен немесе құжатсыз өнімдерді пайдалану;

  • санитарлық режимнің сақталмауы;

  • ыстық судың болмауы;

  • қызметкерлердің медициналық тексерістен өтпеуі және денсаулық жағдайының күнделікті бақыланбауы;

  • асхана қызметкерлері арасынан дизентерия мен стафилококк бактерияларын тасымалдаушылардың табылуы;

  • ыдыс-аяқ пен құрал-саймандардың дұрыс залалсыздандырылмауы – алынған сынамалардың 7,2%-ынан ішек таяқшалары анықталған.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапованың айтуынша, бұл тексерістің қорытындысы мектептегі тамақтану сапасының төмендігін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігін көрсетіп отыр.

"Былтыр Мұнайлы ауданында 459 оқушы уланған жағдайдан сабақ алу қажет еді. Алайда дәл осындай заңбұзушылықтар тағы да қайталанып отыр. Бұл мектеп әкімшіліктері мен білім бөлімдерінің балалар қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарайтынын дәлелдейді", – деді ол.

Тексеру барысында бракераждық комиссия жұмысының әлсіздігі, мамандандырылған қызметкерлердің жетіспеуі және медициналық тексерусіз қызметкерлердің жұмысқа тартылуы сияқты келеңсіз жайттар анықталған. Министрлік бұл жағдайлардың топтық уланудың қайталануына себеп болуы мүмкін екенін ескертті.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді:

  • Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне – алдын алу шараларын күшейтіп, білім беру және тамақтану орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу;

  • Білім басқармасына – мектеп асханаларын санитарлық талаптарға сәйкестендіруді, қызмет көрсетуші ұйымдарды қатаң бақылауға алып, бракераждық комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету;

  • Денсаулық сақтау басқармасына – медициналық кітапшаларды заң талаптарына сай рәсімдеуді қадағалау, толық медициналық тексеріссіз құжат беруге тыйым салу.

Еске салайық, 2024 жылғы 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы №8 мектепте жаппай улану оқиғасы тіркелген еді. Оқушылар іштің ауырсынуы мен дене қызуының көтерілуіне шағымданған.

Ал 2025 жылдың ақпанында осы мектептің асханасында жұмыс істеген төрт қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тексеру нәтижесінде олардың санитарлық құжаттарының жалған екені анықталған. Сонымен қатар, зертханалық талдау кезінде асханадағы 10 қызметкердің алтауының, бір медицина қызметкерінің және бір кәсіпкердің ағзасынан стафилококк бактериясы табылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар