"Алматы электр станциялары" АҚ сот шешімімен бәсекелестік туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шешім Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері негізінде шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеп-тексеру Алматы индустриялық аймағында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектілерінің құқықтарын қорғау мақсатында басталған болатын.
Индустриялық аймақ – жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және Алматы қаласында өнеркәсіптің басым бағыттарын дамытуға арналған. Оның аумағында 118 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асады. Энергия ресурстарын жеткізу және тұтыну шығындарын азайту үшін мемлекет тарапынан тікелей ЖЭО-2 шиналарына қосылған желілер жүргізілген.
"Департаменттің тергеп-тексеруі барысында "АлЭС" АҚ индустриялық аймақта қалалық электр желілерінің болмауына қарамастан, энергиямен жабдықтаушы ұйымды аффилиирленген электр жеткізуші ұйымның желілері арқылы берілетін қосымша электр энергиясын сатып алуға міндеттегені анықталды. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша "АлЭС" АҚ-қа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Сот "АлЭС" АҚ-ты 4,4 млрд теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бүгінгі күні қаулы заңды күшіне енді, айыппұл толық көлемде төленді", делінген БҚДА хабарламасында.
Айта кетсек, "АлЭС" АҚ 2006 жылы құрылды. Оның құрылымына 8 өндірістік бөлімше кіреді: ЖЭО-1; ЖЭО-2; ЖЭО-3; Қапшағай ГЭС; Каскад ГЭС; Батыс жылу кешені (БТК); "Энергожөндеу" өндірістік-жөндеу кәсіпорны (ӨЖК); Отынды қабылдау және түсіру орталығы (ЦПВТ). "АлЭС"-тің жалғыз акционері "Самұрық-Энерго" АҚ болып табылады.
Бұған дейін Жетісу облысында ГЭС-те апат болғанын жазғанбыз.