2025 жылғы 12 тамыз күні сағат 17:00-де Сарқан ауданы Екіаша ауылындағы "Кіші Басқан" өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбыры жарылып, жергілікті деңгейде апат болды. Апат видеосы әлеуметтік желіде тарап, кейбір тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Алайда облыстық әкімдік нақты жағдай желіде таралған мәліметтерден едәуір өзгеше екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға орнына келген "Baskan Power" ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары жедел түрде жоғарғы су қабылдағыштан су беруді тоқтатып, судың станция аумағынан тыс жерге таралуының алдын алды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ, халық пен экологиялық қауіпсіздікке қатер туындаған жоқ.
"Baskan Power" ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев былай деп мәлімдеді:
"Технологиялық тұрғыда құбырдың жарылуы орын алып, соның салдарынан су ГЭС ғимараттары арқылы және сыртқы бетке шығарылды. ГЭС-тің жедел кезекші қызметкерлері электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты, ал сағат 18:00-де құбыр толықтай сусыздандырылды. Суды сорып шығару жұмыстары басталды, бүгінде ғимарат ішіндегі су толығымен сорылып шығарылды, қазір апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Су атқылауы кезінде жергілікті халыққа зиян келген жоқ, тұрғын үйлер мен қожалықтарды су басу болған жоқ, экологиялық қауіп жоқ, су толығымен өзен арнасына қайтты".
"Baskan Power" ЖШС-да шамамен 90 адам жұмыс істейді, олардың барлығы – жергілікті тұрғындар.
"Тұрғындарды тек ресми дереккөздердегі тексерілген ақпаратқа сенуге және негізсіз дүрбелең тудыруы мүмкін расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз. Барлық қызметтер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр", деген облыс әкімдігі оқиға орнынан видео да ұсынды. Онда алдындағы желідегі видеодағыдай гүрілдіген судан бір тамшы да жоқ.