Қазақстанда салық ережелерінің қатаңдауы құрылыс саласындағы жеке кәсіпкерлердің жаппай азаюына түрткі болды. Заңнамадағы жаңа шектеулерге байланысты ірі девелоперлерге жеңілдетілген режимдегі мердігерлермен әріптестік орнату қаржылық тұрғыдан тиімсіз болып отыр, деп хабарлайды Dalanews «31 арнаға» сілтеме жасап.
Сала өкілдері келтірген мәліметке сәйкес, соңғы жыл ішінде бұл сектордағы кәсіпкерлер саны 11%-ға дерлік қысқарған. Нарықтан негізінен тапсырыстарды келісімшартпен орындап келген тар бейінді мамандар мен шағын бригадалар — сылақшылар, бояушылар мен монтаждаушылар шеттеп қалды.
Бұған құрылыс компанияларының корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу кезінде «жеңілдетілген жүйедегі» ЖК-лардың қызметін бұрынғыдай толық шегерімге ұстай алмауы себеп. Қазақстан Құрылысшылар одағы президентінің орынбасары Вячеслав Лазаревтің сөзінше, кейбір девелоперлерде мұндай мердігерлер үлесі 50%-ға дейін жететін. Салықтық есептің өзгеруі құрылыс-монтаждау жұмыстарының өзіндік құнын орта есеппен 10–15%-ға қымбаттатты.
Шығынның артуы баспананың түпкілікті құнына да салмақ салды: жыл басынан бері елдегі тұрғын үйдің шаршы метрі 13%-дан астам қымбаттады. Тығырықтан шығу үшін сарапшылар құрылыс саласындағы ЖК-ларға арнайы салық режимін енгізуді ұсынып отыр. Алайда жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Александр Пак бұл жеңілдік енгізілсе де баға төмендемейтінін, тек оның ары қарайғы өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін екенін айтады.
Сарапшылардың болжамынша, баспана бағасы жыл соңына дейін инфляциямен қатар өсуін жалғастырады.