Қазақстандағы салық реформасы бюджет кірісін ұлғайта бастағанымен, мемлекеттің Ұлттық қор трансферттері мен қарызға тәуелділігін әзірге айтарлықтай төмендете алған жоқ. Мұндай қорытындыны Ұлттық банктің тамыз айындағы ақша-кредит саясаты жөніндегі баяндамасындағы деректерден көруге болады, деп хабарлайды DALA INSIDE.
2026 жылдың бірінші жартысында салық түсімдері нақты мәнде 5,7%-ға өскен. Өсімге негізінен қосылған құн салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығы ықпал еткен. Бірақ экономиканың көлемімен салыстырғанда өзгеріс аса үлкен емес. Себебі салық түсімдерінің ЖІӨ-дегі үлесі бір жыл ішінде небәрі 17,5%-дан 17,7%-ға көтерілген. Яғни мемлекет көбірек салық жинай бастағанымен, бюджеттің өзінің тұрақты кіріс базасы сапалық тұрғыдан күрт кеңейді деуге әлі ерте.
Жеті айдың қорытындысы да осы картинаны көрсетеді. Республикалық бюджет кірісі 12,36 трлн теңгені құраса, оның 9,34 трлн теңгесі салықтан түскен. ҚҚС бюджетке 4,26 трлн теңге әкелгенімен, жоспар небәрі 90,3%-ға орындалған. Корпоративтік табыс салығынан 2,73 трлн теңге жиналып, жоспардың 96,8%-ы орындалды.
Сонымен бірге бюджетті ұстап тұрған негізгі тіректердің бірі әлі де Ұлттық қор болып отыр. Қаңтар-шілде аралығында бюджетке 2,80 трлн теңге трансферт түскен. Оның 2,32 трлн теңгесі Ұлттық қордан берілген кепілдендірілген трансферт. 2026 жылға мұндай трансферттің жалпы көлемі 2,77 трлн теңге болып бекітілген. Демек жеті айдың өзінде жылдық лимиттің басым бөлігі пайдаланылып қойған. Заң бойынша биыл Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған.
Ұлттық банк бюджеттегі консолидация әзірге кірісті күрт өсіру арқылы емес, шығыстарды шектеу арқылы жүріп жатқанын атап өтеді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік шығыстар номиналды түрде 11,7%-ға ұлғайғанымен, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 24,7%-дан 23,5%-ға төмендеді. Мұнайлы емес дефицит 7,1%-ға дейін қысқарды. Бірақ жалпы бюджет тапшылығы, керісінше, ЖІӨ-нің 3,2%-ына дейін өскен.
Оған қоса, бюджетке қарыздың өзі барған сайын қымбатқа түсіп келеді. Жеті айда мемлекеттік борышты өтеуге 2,43 трлн теңге жұмсалған. Ал бүкіл жылға жоспарланған сома 3,47 трлн теңге болып отырб Яғни қарыз бойынша пайыздар мен төлемдердің өсуі білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым секілді басқа бағыттарға жұмсалатын бюджет ресурсын біртіндеп тарылтады.
Бұдан бөлек, кіріс пен шығыс арасындағы алшақтық та кеңейіп отыр. Қаңтар-шілдеде республикалық бюджет шығыстары 14,75 трлн теңгеге жетсе, кірістер 12,36 трлн теңге болды. Бюджет тапшылығы бірінші жартыжылдықтағы 2,13 трлн теңгеден жеті ай қорытындысында 2,8 трлн теңгеге дейін өсті. Оны қаржыландыру үшін жыл басынан бері 4,68 трлн теңге көлемінде қарыз тартылған.
Осылайша салық реформасының алғашқы нәтижесі парадоксалды болып шықты. Иә, салық көбірек жиналып жатыр. Бірақ ол бюджеттің құрылымдық проблемасын жойған жоқ. Сондықтан оған болашақта реформа деп атау емес, коррекция деген атау берілуі мүмкін. Себебі реформа - фундаменталды нәрселерді өзгертетін ұғым. Қазір фундаменталды ештеңе өзгермеді.