Шығыс Қазақстан облысында Зайсан және Катонқарағай әуежайларының құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы әуежай құрылысының барысын тексерді.
Жұмыс сапарына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Фаат Богдашкин, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсалимқызы, сондай-ақ мердігер құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жұмыс сапары барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі қарқыны, әуежайлардың аэродромдық және аэровокзалдық инфрақұрылымының негізгі нысандары қаншалықты дайын екені, сондай-ақ әуежайларды пайдалануға беруге дайындау мәселелері қаралды.
Зайсан мен Катонқарағайдағы әуежайлар ішкі туризмді дамыту және өңірлердің көлік қатынасын жақсарту мақсатында салынып жатқан жаңа әуе айлақтарының қатарында. Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған.