Алматы облысы биыл мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 1,5 трлн теңге түсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dala News.
Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр облыс алғаш рет мемлекеттік бюджетке 1,1 трлн теңгеден астам түсім қамтамасыз етті. Оның ішінде республикалық бюджетке 490,5 млрд теңге, жергілікті бюджетке 628,6 млрд теңге түскен.
Салық түсімдерінің тұрақты өсуі өңір экономикасының да қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Соның бір көрінісі – облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аумақтар санының артуы.
Алматы облысы қайта құрылғанға дейін Іле және Қарасай аудандары ғана донор болса, қазір олардың қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалалары қосылды. Осылайша облыстағы донор аумақтар саны 2-ден 7-ге жетті.
Донор аумақтардың көбеюіне жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестиция көлемінің артуы және кәсіпкерліктің дамуы әсер еткен. Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo, ТехноНИКОЛЬ және «Жетісу Вольфрамдары» сияқты ірі компаниялардың жаңа өндірістік жобалары іске қосылды.
Сондай-ақ Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын кеңейтуі салық түсімдерінің өсуіне ықпал еткен.
Алматы облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораздың айтуынша, донор аудандардың саны ғана емес, олардың облыстық бюджетке аударатын қаражаты да көбейіп келеді.
«2024 жылы донор аудандардан облыстық бюджетке 276,5 млрд теңге түсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 292,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 241,9 млрд теңге түсті. Биылғы жылдық жоспар – 542,6 млрд теңге. Ең көп түсім түсіретін аудан – Іле ауданы. Былтыр аудан облыстық бюджетке 249,3 млрд теңге аударса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 165,2 млрд теңге түсті. Бұл облыстық бюджет кірістерінің 42,4 пайызын құрайды», – деді Асылан Ораз.
Салық түсімдерінің қазіргі өсім қарқыны сақталса, Алматы облысы 2029 жылға қарай республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңір мәртебесін алуы мүмкін.