“Бәйтерек” холдингі 885 млрд теңге көлемінде қаржылай шығынға ұшырады

“Бәйтерек” холдингі 885 млрд теңге көлемінде қаржылай шығынға ұшырады
Фото: baq.kz

Қазақстан қор биржасының сайтында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған қаржылық есебі жарияланды. Құжатты KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы тексерген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Есепті кезеңде холдингтің таза пайдасы 263,9 млрд теңгеге жетті. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 200,5 млрд теңге болған. Осылайша, бір жыл ішінде таза пайда 63,4 млрд теңгеге артқан.

Холдинг активтерінің жалпы көлемі 20,9 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш шамамен 2 трлн теңгеге көбейген. Қаражаттың басым бөлігі клиенттерге берілген несиелерге тиесілі — олардың көлемі 9 трлн теңгеге жуықтайды. Ал Қазақстанның Даму банкі жүргізетін лизингтік операциялардың мөлшері 2,7 трлн теңгені құрады.

Bereke Bank, бұрынғы «Сбербанк Қазақстан», холдинг құрамынан толық шығарылған. Банк 2025 жылдың қазанында шетелдік инвесторға сатылған еді. Қазір «Бәйтерек» құрылымында жеті ұйым бар: Қазақстанның Даму банкі, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі, «Даму» қоры, Qazaqstan Investment Corporation, «Отбасы банк», Қазақстан тұрғын үй компаниясы және Аграрлық несие корпорациясы.

Таза пайда өскенімен, холдингтің операциялық қызметтен түскен ақша ағыны 885 млрд теңге көлемінде минусқа кеткен. Бұған жаңа несиелердің көптеп берілуі әсер еткен. Алты айдың ішінде холдинг шамамен 1,1 трлн теңге көлемінде жаңа несие ұсынған.

Бұл қаражатты тарту үшін холдинг негізінен облигациялар шығарған. Қазіргі уақытта оның балансындағы қарыздық бағалы қағаздардың көлемі 8,2 трлн теңгеге жетіп, міндеттемелердің ең ірі бөлігін құрап отыр.