Қазақстандық құс өсірушілер жұмыртқа мен тауық етінің бағасы өсуі мүмкін екенін ескертті. Бұған астық импортына енгізілетін шектеулер себеп болмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құс өсірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігін Ресейден арзан бидай сатып алуға мүмкіндік беруге шақырды. Өйткені құс фабрикалары бидайды жем ретінде пайдаланады. Ал астықтың құны жұмыртқа мен тауық етінің өзіндік құнының кемінде 50 пайызын құрайды.
Сала өкілдерінің айтуынша, арзан астыққа қол жеткізу қиындаса, өндіріс шығыны көбейеді. Соның салдарынан жұмыртқа мен тауық етінің бағасы да қымбаттауы мүмкін. Бұл ретте үкімет өндірушілерден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсірмеуді талап етіп отыр.
"Казахский чуваш" телеграм арнасының авторы өндірушілерден бағаны төмен ұстауды талап етіп, сонымен бірге арзан шикізат алуға шектеу қою қисынсыз екенін жазды.
Оның пікірінше, мемлекет өнім бағасының қалай қалыптасатынын толық қарастыруы керек. Оған тұқым, тыңайтқыш, жанармай, электр энергиясы және жем-шөп шығындары кіреді.
Сонымен қатар импорттық астық құс фабрикаларына олардың нақты өндіріс көлеміне қарай берілуі ұсынылды. Бұл кәсіпорынның қанша астық әкелгенін, қанша өнім өндіріп, сатқанын бақылауға және заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.