Салтанат Тұрсынбекова зейнеткерлерімен жүздесіп, өзекті мәселелерді сөз етті

Dalanews 03 қар. 2022 04:45 630

ҚР президенттігіне кандидат Салатанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды үгіт-насихат сапарында Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» зейнеткерлермен кездесіп, бірге уақыт өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz кандидат штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда зейнет жасындағы 2,25 миллионға жуық азамат бар.

«Бұл – белгілі бір проблемалары мен қажеттіліктері бар адамдар. Белсенді және ақыл-ойы толысқан жандар. Менің мақсатым – америкалықтар немесе қытайлар сияқты Қазақстандағы осы жастағы азаматтардың Еуропадағы мұражайларды көру үшін демалысқа шығуына немесе Африкаға сафариге баруына мүмкіндік жасау. Барлық азаматтар үшін лайықты және қауіпсіз қарттық – менің арманым», – дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Халықтың осы тобының тілек-ұсынысын тыңдау үшін ол күн сайын 60-65-ке жуық зейнеткер спортпен айналысуға, үстел ойындарын ойнауға және жай ғана әңгімелесуге келетін «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барды.

Ол орталыққа келушілермен бірге спорт жаттығуларын жасап, әңгімелесіп, тіпті би биледі. Мұндағы әйелдердің денсаулық жағдайы жақсы. Олар спорттың кез келген түрін еркін меңгеріп, қиын деген жаттығуларды оп-оңай орындайды.

Дегенмен, жақсы жақтарына қарамастан, оларды алаңдататын бір жайт бар. Ол зейнетақының аздығы, мемлекет тарапынан жақсы әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, кейбіреуін баспананың тапшылығы, кейбіреуін жалғыздық мұңайтады.


Салтанат Тұрсынбекова орталық мүшелерінің барлық арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, зейнеткерлерге көмектесу және тұрмысын жақсарту мақсатында ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейін арттыруды (зейнетақы жинақтары мен жәрдемақылар), қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың қарыздарын жою, ҮЕҰ мен еріктілерді тарта отырып, қолжетімді бағадағы өнімдер мен тауарлармен әлеуметтік дүкендер желісін құру, әлеуметтік тұрғын үй және инфрақұрылым салу жоспарын ортаға салды.

Еске салайық, үміткер Түркістан облысында 1100-ге жуық адам жұмыс істейтін Кентау трансформатор зауытында да болып, «Ғиззат» мүгедектер қоғамдастығы мотивациялық орталығына, сондай-ақ ҮЕҰ үйіне барып, өңірдің мәселелерін талқылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар