Салтанат Байқошқарова: "Адам ұрпағымен мың жасайды"

Dalanews 25 мам. 2020 11:30 1046

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының арнайы жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері – Салтанат Байқошқарова. Оқырманға оны таныстырып жатудың өзі артық.

Еліміздегі экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісінің негізін қалаушы, бедеулікті емдеу «Экомед» клиникалары желісінің жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі газет тілшісімен емен-жарқын отырып әңгімелесті.  

 

«Елші болуым мүмкін еді»


 – Қазақстанда сіз ең бірінші құтыдағы бала авторы, медицинадағы осы жаңашыл бағыт бастауында болған, бірінші толқындағы репродуктолог-эмбриолог ретінде танымалсыз. Өткен жылдарды кейін шегерсе, қай мамандықты таңдар едіңіз? Сол 1996 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге есік ашқан ең бірінші қыз бала болмаса?

 – Өмірімнің отыз жылын кері қайтарса, шартты түрде делік, мен сол бедеулік мәселесімен айналысып жүрер едім. Неге десеңіз, 19 жасымда тұрмыс құрып, сол сұмдық дертке тап болдым.  Жеті жыл күтуден кейін ана болдым.

Екінші ұлымды арасына 15 жыл салып тудым.  Айта кетейін, бала кезімнен көпбалалы ана болуды армандайтынмын, себебі көпбалалы отбасыдан шықтым. Алланың жазғаны болар, пешенемізге екі бала ғана бұйырған екен...

Медицина – менің тағдырым. Өз ықыласымды бала кезімнен-ақ тура тауып, соған бой ұрдым. Медицинаны жақсы көремін. Өмірім осы салаға ғана арналғанын білемін.


1988 жылы мен Алматыдағы «Брак и семья» – «Неке және отбасы» консультациясында қызметімді бастадым, ерлер бедеулігін  зерттеумен айналыстым: сол жылдары-ақ   күйеуінің, донор ұрығымен жасанды жолмен ұрықтандыру тар шеңберде мамандандырылған мәселелермен айналыстым.



90-жылдары, жоғары технологияларды айтпағанда, күнделікті қажетті заттардың тапшылығын бастан өткердік қой, сондықтан ойымды медицинаға жаңа репродуктивтік технологияларды енгізу идеясы жаулаған мені айналамдағылар қалай түсінерін білмей, көзқарастары әртүрлі болды. Алайда жаратылысым солай: ойыма келгенді іске асырмай, тоқмейілсіне алмаймын.

Қалада электр тогы бар ма, жоқ па, кинотеатрлар жабылып жатыр ма, ауылдар құлдырады ма,  жаппай жетіспеушілік орнады ма – мен үшін бәрібір еді.

Мен жұмыс істеген емханада қала бойынша жалғыз УЗИ аппараты бар еді. Осындай заманда бедеулікті емдеудің жаңа әдістерімен шұғылданғым келді. Келешекте неғұрлым көптеген перзентсіз жұптарға көмектесу үшін. Сол кезде бізге келгендердің 85%-ына экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) қажет еді. Мен жасампаз болуды ұнатамын. ЭКО-мен айналысқаныма өкінбеймін – ол мыңдаған отбасыларды бақытқа жеткізді. Шын мәнінде, мен  суперкөпбалалы анамын. Өйткені эмбриондардың пайда болып, дамуына өз қолыммен көп еңбек жасадым.

Сол эмбриондар болашақта нәресте болып дүниеге келді. Ол балалар қазір әлемнің түпкір-түпкірінде тұрады. Көпшілігі, әрине, Қазақстанда.  Осының барлығы мені түсініп, әрдайым қолдап отырған жұбайыммен тандеміміз арқасында іске асты. Бірлесіп, «Экомед» клиникаларының кең таралған желісін құрдық.

Жарым Батыр Бекмұсаевтың моральдық, материалдық қолдауынсыз ештеме шығара алмас едім, себебі істі бастау сәтінде барлығы қабаттасып кетті: қаржы да, саясат та, медицина да.

 Мінез-құлқымның ерекшелігі – мен дипломатпын. Кім біледі, медицинаға жан-тәніммен берілмесем, дипломат болар ма едім?


Тіпті Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – бірегей жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүргенмін.  Әлі есімде, әкем МГИМО-ны бітірген досынан ақыл да сұраған: «қызым өмірін медицинаға ма әлде дипломатияға арнасын ба» деп.

Медицинаны өзгеден ерекше жақсы көремін, мінезім болса дипломатқа лайық. Көптеген шиеленісуге жақын жағдайлардың бетін қайтарып отыратын әдетім бар, ұстамды болуға тырысамын, тез әсерленгіш болсамдағы. Әкеме досы айтқан ақылы – шекаралар ол кезде жабық еді, жұмысқа орналасар жерім әрі кетсе Йемендегі елшіліктердің бірі ғана болар. Ал бойжеткендер ол жерде теңін тауып, отбасын құруы екі талай. Мысал ретінде өзінің дипломатияны таңдаған қызының жағдайын келтірді:   жасы 30-дан асқан, өмір серігі болар адамды таппаған. Сөйтіп, 40 жыл бұрын әкем МГИМО-ға түсуімді талап етпесе, елші болуым да ықтимал еді.

2017 жылы есіміңіз «Қазақстанның 100 жаңа түлғасы» тізіміне енген. Сізге он мың адам өз дауыстарын берді. Қалай ойлайсыз, олар кім болды екен?

– «100 жаңа тұлға» тізіміне қалай түскенімді кездейсоқ біліп қалдым. Менің кандидатурамды кім ұсынғаны да осы күнге дейін мен үшін құпия.

30 жыл бойы жасаған жұмысым осындай қолдауға лайықты көрінген шығар? Үміткерлер санының көбіне қарамастан жеңіп шықтым. Маған дауыс берген 10 мың адамның ішінде дүниеге келуіне мен себепші болған балалардың ата-аналары,  өмір жолы қауыштырған жанашырлар да бар деп ойлаймын.

«Өзім!»


  – Негізгі мамандығыңызға қоса ағартушылықпен айналысатыныңызды, ғылыми-көпшілік мақалалар жазатыныңызды, теледидар бағдарламаларына қонақ ретінде қатысатыныңызды әркім біле бермейді. Осындай қызметті бір борышым деп санайсыз ба?

– Бала кезімнен белсенді болдым, «Өзім істеймін!» деген сөз аузымнан түспейтін. Мектеп табалдырығынан 6 жаста аттасам да, бойымның биіктігінен кластастарым қатарындай көретін. Мектепте де, жоғары оқу орнында да, жұмыста да көшбасшы болдым. «Неке және отбасы» консультациясына дейін... кәсіподақ жұмысына атсалысқанмын.

Әдетім – жай әншейін отыра алмаймын, пайдалы іспен шұғылдануым керек. Идеяларым тасып жатады.


Келінім бірде: «Сөзіңіздің өтетіні, жандандыратындығы сондай, сіз сөз қылған затты дереу барып сатып алғым келіп кетеді», – дегені. Күтпеген жерден журналистік ортаға кіріп кеттім. Орыс мектебін бітіріп, жоғары оқу орнының орыс бөлімінде оқысам да, ана тілін жетік білемін. Отбасымызда қазақ тілін жоғары тұтатынбыз.

Сондықтан жұмысым жайлы сұхбаттарымды екі тілде беретінмін. 2000-жылдардың басында менің «Хабар» арнасына денсаулыққа арналған бағдарламаның жүргізушісі ретінде шақырды. Продюсерлердің сөздерін естісеңіз ғой! Өмірімде сонша қошемет көргенім сонда болды: «Сіз тіпті жаңалықтарды жүргізе аласыз, камера сізді сүйеді, қазақ тілінде сөйлейсіз, медицинаның майталман маманысыз, асқақ мүсіндісіз, аяғыңыз мінсіз...». (күледі) мен болсам, жаңа ғана екінші баламды туып, үйдегі және түздегі жұмысым басымнан асып жатқан: репродуктолог та, зертханашы да, басшы да, жар да, ана да өзім...

Шамам келгенше қарсылық көрсеттім, жайыма қалдырмады. Бала емізетін ана теледидар бағдарламасын жүргізуші кейіпін киіп, беделді дәрігер телебикеш болды да қалды.  Нәтижесінде, таңғы сағат 7-де жұмысқа барып, ота жасап, алынған аналық жасушаларды инкубаторға, эмбриондарды тоңазытқыш құрылғыларына салып, сағат 10-ға дейін «Хабарға» жетіп үлгеру керек. Одан баланы емізетін уақыт та келіп қалады,   одан кейін қайта жұмысқа асығамын... Осылайша, журналистер қатарына да белсенді кіріп кеткенімді байқамай қалдым, ерекше миссиясы болса бар шығар.

Сіз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болып та табыласыз. Ұлттық комиссия жұмысы тұрғысынан қандай мәселелерге жетекшілік жасайсыз?

– Ұлттық комиссия құрамында болғаныма 11 жыл, оны мақтан тұтамын, себебі Президентіміздің Жарғысымен тағайындалғанмын. Мен репродуктивті денсаулық, ана және бала денсаулығын қорғау мәселелеріне жетекшілік етудемін. Және де мен медицина саласынан жалғыз өкіл емеспін. Өзіме жүктелген міндеттемелер аясында тұрғындардың, жасөспірімдердің және балалардың репродуктивті денсаулығы саласын дамыту бойынша жұмыс атқарамын.

Әңгіме мынада: облыстарда гинекологтар көбіне акушерлікпен айналысуда, ал бедеулік мәселелері мен репродуктивті денсаулықты сақтау назарларынан көбінесе тыс қалады. Яғни жүйелі жұмыс жүргізудеміз.

 

«Жастай еңбекке баулыған»


– Сіз Жамбыл облысына танымал қоғам қайраткері, көрнекі ұйымдастырушы Берден Байқошқаровтың көпбалалы отбасынансыз.  Сол кездегі «алтын жастар» санатына сізді жатқызуға бола ма? Партияның беделді қызметкерлері дәулетті отбасыларынан шыққан кейбір бойжеткендер секілді қонышынан басып жүрдіңіз бе? 

– Әкем – басшы лауазымындағы партия қызметкері, Жоғарғы Кеңестің депутаты, атам Ұлы Отан соғысына қатысушы, Социалистік Еңбек Ері, колхоз председателі болған.

Мен әкем мен атамның атына кір келтірмейтін жанұя тұңғышы, немере болуға тырыстым. Үш інім және үш сіңліме қарайласуға көмектестім. Отбасымызда жеті бала. Иә, әкем жоғары қызмет атқарды, өңірімізде және бүкіл Қазақстанға аты әйгілі тұлға. Бірақ ол бізді ешқашан еркімізге жіберіп, өзімізді «алтын жастар» деп санауға  жол беруге бармаған.

Одан басқа, тұрмыстары нашар туыстарымыздың балаларын әкем бізбен бірге тәрбиелейтін, сөйтіп, үйімізде бір уақытта 15-20 адам тұратын. Әкем бір жай ақиқатты есімізге салудан жалықпайтын: сабырлық пен еңбектің жеңбейтін нәрсесі болмайды.

Иә, мен дәулетті де берекелі үй қызымын. Мысалы, 60-жылдары ең бірінші теледидар біздің үйде болды, сол уақыттағы ең керемет деген машина міндік, оның себебі – әкем өз қатарының алдында болып, барлығына өз еңбегімен, ақылымен қол жеткізген.

Алайда күнделікті әкемнен, атамнан еститініміз: «Партиялық басшы баласымын деп дандайсымаңдар, мастанбаңдар. Ел сендердің жүріс-тұрыстарыңа қарайды, сондықтан өзгеге үлгі болу керек. Мұрындарыңды көкке көтермеңдер».

Жазда бізді, балаларды үш айға ауылға жіберетін. Мен 12 жаста болатынмын. Жалаң аяқ сабан қосылған балшық илеп, кірпіш құйып, кептіріп, үй құрылысына жәрдемдесетінбіз.

Үйде қой сойғанда, ет бұза алатынбыз, атамызға қойды тоғытып, жүнін қырқуға да көмектесетінбіз... Жастай бізді еңбекке баулыған. Әкеміздің ақылы арқасында еңбек еткен адам алдына қойған мақсатына жететінін ұғып алдық. Бір қызығы, әкем дәрігер болуды армандаған екен, ал ауыл ақсақалдары болса одан... машина дәрігері болуын сұрапты, инженер-механик болуын.

 Әкемнің арманы болар, маған ауып, медицина шыңдарына жетелеген.   Әкемнің қолынан келмейтіні жоқ болатын: есікке құлып орнату, киіз үй тігу, істен шыққан заттарды жөндеп, қалпына келтіру.


Мысалы, алыста келе жатқан трактордың гүрілінен «диагнозын» қойып, қаншалықты жөндеу жұмыстарын талап ететінін білетін. Басшы екенмін демей, барлық техниканы өзі жөндейтін.

Біз өзімізді «алтын жастар» деп санамайтынбыз, әкеміздің қолынан көп нәрсе келіп тұрса да, ол кісі бізді өз еңбектеріңмен жетесіңдер деп артық еркелетпейтін. Сондықтан жетістіктеріміз маңдай тер арқасында келетін. Мен мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдадым. Үйде сиыр сауып, нан жаптым.

Анамыз мұғалім болатын, ал үйде келіп-кетер қонақтарды күтуден қолы босамайтын. Жөнсіз аймалап, еркелетіп көрген емес. Бірінші немере болғандықтан, апам мен атамның қолында өстім, сондықтан болар, анама деген бір ұстамдылық қалыптасты.

Енді атам мен апамның бізге, немерелеріне деген сүйіспеншілігінде шек жоқ еді!  Тіпті тұрмыс құрып, үйіме анда-санда бір келгенде апам басымнан аяғыма дейін сүйіп, жүрегі үзіліп кетердей сағыныш сөздерін айтып, еміреніп, бар мейірімін төгетін. Қазір сондай апалар бар ма десеңізші?

Бауырларыңыз, сіңлілеріңіз қандай мамандық иелері болды?

– Перизат Байқошқарова, – дәрігер, еліміздегі алғашқы репродуктологтардың бірі. Бала кезінде оған айтушы едім: «Сен дәрігер боласың!» – деп. Ол да мектепті алтын медальмен бітіріп, мединститутқа түсті. Химия мен биология пәндері емтиханына өзім дайындадым. Қалған бауырларым мен сіңлілерім бизнес және мемлекеттік қызмет салаларында.

«Баланы бағу мен тәрбиелеу екі бөлек ұғым»


 – Қазіргі көпбалалы аналарға берер кеңестеріңіз бар ма?

– Көпбалалы ана болу – үлкен жауапкершілік. Адамның жануардан айырмашылығы не? Санасы мен ұрпағы алдындағы жауапкершілігі. Жануарлар да төліне қамқор болып жатады.

Алайда ұрпағына деген қамқорлық адамда жауапкершілікпен, тәрбиемен ұштасу керек. Мысалы, менің екі ұлым бар, олар үшін зор жауаптымын деп санаймын.  Моральдық та, материалдық та. Менің міндетім – өмір сүру үшін қажет неғұрлым мол білім, тәрбие беру.

Баланы бағу мен тәрбиелеу ол екі бөлек ұғым, біз осы екі ұғымды бүгінде көбінесе шатастырып алғанбыз. Тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды деп ойлайтын ата-аналар да баршылық.


Дүниеге перзент әкелуден бұрын оны дұрыс тәрбиелей аласың ба, материалды және рухани құндылықтарды паш ете аласың ба, – таразылап, жүз ойлану қажет.

Ертеңгі күні ұрпағың бақытты өмір сүруге мүмкіндігі бола ма? Әрине, осындай ойға беріліп, сарыуайымға салынса, адам ұрпақ жалғастырудан бас тартуы да мүмкін.

Көпбалалы ана болу – меніңше, баласы туралы тәулігіне 24 сағат ойлау. Өмірге келу нәрестенің қалауы емес.

Иә, бала махаббаттан жаралады, оның дүниеге келуіне себепші – ата-анасы. Алайда адам баласы өзімшілдігі жетегінде кете баруы қате. Жас нәресте сондай тәтті, сондай сүйкімді, олармен ойнаймыз, аймалаймыз, иісіне тоймаймыз. Өсе келе талғамдары да ұлғая түседі, көп нәрсе талап етеді.

«Ана балада бәрі бар, менде жоқ, мен сендерге мені ту деген емеспін. Киер киімім жоқ. Киноға барғым келеді...» тағы сондайларды жиі естуге болады.  Ал осы заманда киноға барып көр: бір балаға кем дегенде 3 мың теңге қажет. Біз жаппай бәсекелестік және нарықтық қатынастар заманында өмір сүрудеміз.

Ел әлі оны түсіне қойған жоқ, әсіресе КСРО заманын есте сақтағандар: олар шекараның тастай бекітілген, артық ақпарат жоқ заманда, мемлекет  жұмыспен, медицинамен, ақысыз білім берумен, балабақшамен қамтитынына  үйренгендер.

Ол кезде киім-кешек пен азық-түліктің алуан түрлері болмаған да. Караоке-клуб секілді қызықтырып ұрындырар сауық түрлері де болмаған. Бізге өмір сүру жеңілірек болатын, өйткені ол заманда азға қанағат болатын, тамақ, киім таңдайтын мүмкіндік болмайтын, аздап жейтін тамақ, бүтін киім болса сонымен бәрі тең болып жүре беретін.

Менің киген көйлектерімді сіңлілерім тоздыратын. Печенье, вафли дүкенге түссе мәз болатынбыз, әйтпесе оларды да, торттарды үйде пісіретінбіз. Ал бүгінде баршылық заманы, интернет арқылы да, шетелге барғанда да көретініміз мүлдем басқа өмір, бәсеке, нарық.

Сол үшін осы бүгінгі заманда ата-ананың тәрбиесі ең басты орында тұру керек, бірақ өкінішке орай, біраз ата-аналар оны түсінбейді, балабақша, мұғалімдер тәрбиелеу керек деп жауапкершілікті соларға жүктейді.


Бұрынғы заманда баланы тәрбиелеу жеңілдеу еді, ұрысып, соғып  тәрбиелеуге балалар көніп жататын. Бүгінде тәуелсіздік заманында балалар өте сауатты,  олар дүниежүзінен сарқырап құйылып жатқан нешетүрлі оң да, кері де ақпаратты оқиды, бұрынғы ескі тәрбие әдісіне көнбейді. Сондықтан ата-аналары балаларын тек жылы сөзбен, перзентіне деген ерекше махаббатпен, оларға сенім көрсетіп, ойын тыңдап, олармен санасып, ең жанын түсінетін досы ретінде болса ғана балалар тәрбиелеуге көнеді.

Бүкіл әлем осындай күн кешуде, бізге неге болмасқа?

– Өмір сүру және өмірге ұрпақ әкелу – зор жауапкершілік.

Әрине, сол жауапкершілікті ата-аналармен мемлекет де бөлісуге тиіс, лайықты жәрдемақы төлеу және басқа да әлеуметтік көмек арқылы.

Мемлекет үшін емес, бірінші кезекте біз баланы өзіміз үшін туамыз, соны ұмытпауымыз керек деп ойлаймын.

Балаға «Сені мемлекет үшін тудым, қажеттілігіңді сол өтейді» дей алмаймыз ғой?


Тағы ойландыратын бір мәселе – несие мен дәстүрлерге деген санаға салынбаған көзқарасымыз. Өкінішке орай, біздің адамдар ақша санауды және мүмкіндіктеріне шындап қарауды білмейді.

Басқа жұрттан нем кем деп, жоспарсыз қимыл, әрекет жасап, несиені есепсіз алып, босқа артық шашылып, артынан қиын жағдайларға тап болып жатқандарды көріп жатырмыз.  «Көрпеңе қарай көсіл» деп бекер айтылмаған ғой.

Адамдар терезесі тең болып жаратылмайды. Біреу жаратылысынан ойшыл, философ болса, енді бірі математикаға қабілетті, үшіншісі – медицинаға... зертханамызда тіптен бір әке, бір шешеден ұрықтандырылған сегіз эмбрионды микроскоп арқылы қараған кезде дамуларының түрлілігін аңғарамыз: бірі қалыста, екіншісі өледі, үшіншісінің бөлінуі дұрыс емес, ал төртіншісі болса бәрінен озып шығады.

Жалпы алғанда, 10 аналық жасушаның орта есеппен алғанда тек екеуі ғана тіршілікке қабілетті. Жаратылыстың қатаң заңы сондай.

Несие мен дәстүрлерге деген санаға салынбаған көзқарасымызды қалай өзгертуге болады, сол жөніндегі пікіріңізді білдірсеңіз?

– Той мен құдалықта отырып бос өткізген уақытымызды аяймын. Жас туыстарымызды үйлену тойының шығысын үнемдеуді, театрландырылған қойылым-көріністер қажеттілігінің жоқтығын түсіндірумен жүрмін.

Бірде көршіміздің ұлының үйленуі шараларына қатыстық. Жақын араласатын болғандықтан, жұбайым екеуіміз 7-8 рет екі жақтың құда түсу, құдалық, сырға салу, ұзату той, үлкен той, ертеңіне құда күту кіші тойлары сықылды рәсімдеріне қатысумен қаладан-қалаға барып, бір аптадан аса жүріппіз. Кіші ұлым болса қараусыз қалғаны.

Сонда баламның айтқаны: «Бір адамды неше рет үйлендіре беруге болады? Өзім мұндайға жол бермеймін: туған күнімде жасап, кешке дейін барлығын бітіремін».

Байқасаңыз, кішкентай балалардың өздері де қазақ тойының рационалды емесіне көздері жетті. Сонша әуре болып жүріп үйлендірген жастарымыз 3 ай болмай мінездері келіспей ажырасып кетті, сонда іштей қынжылдым, баламды қараусыз қалдырып,  босқа өткен бекер уақытымызға.

Тағы да бір мәселе – көп бала туып, кейін бірі-екеуіне барлық ауыртпалықты жүктеп қою. Қазағымызда әдетте отбасыдағы оншақты баладан жарамдысы – біреуі, әрі кетсе екеу-үшеуі.


Сөйтіп, олар өмір бойы бауырларын тартумен өтеді. Таныс жағдай ма? Тәжірибемде жасы ұлғайған, үйленбеген, баласы жоқ біраз әйелдер кездесті. Жасы 40-45-тен асқан олар нәрестелі болуға ниетті екенін айтты. Жастық шағы қалай өтті десек, өзінен кіші бауырларының жағдайын жасаумен уақытты өткізіп алғандарын айтады. Басқа мысал.

Клиникаларымыздың бірінде қызметтегі 39 жастағы мейірбикенің жалғыз ұлы бар.  Бірде: «Клиника мүмкіншілігін пайдаланып, тағы бір бала туып алсаң қайтеді», – деп едім, – «Мен туып алғым-ақ келеді, бірақ күйеуім 13 баланың үлкені, отбасылық мәселелерден әбден шаршаған», деген жауап естідім.

«Өзің көтере қалсаң, ту, қарсылығым жоқ. Бала туу үшін ЭКО жасауға әдейілеп бармайсың. Ұлым бауырларын прицеп секілді тартып жүргенін қаламаймын. 5-6 баланы тауып, тауып, бірін біріне іліп қойғанды тек біздің қазақтан көрдім», деп ашық айтқан екен.

Тап мұндай көпбалалы отбасылар болғанына қарсысыз ба сонда?

– Мен қарсы емеспін. Шамаларыңызды байқап, аяқтарынан тік тұрғызып жіберуге жететіне көз жеткізіп туыңыздар. Кейін балаларыңыз «Кедейлікке ұшыратқандарың қалай?» деп жүрмесін. Мемлекет ең қажетті нәрселермен ғана қамтиды, қалғаны – ата-ананың жауапкершілігінде.

Мысалы, Германия тұрғындарының 60 пайызының жеке тұрғын үйі жоқ. Жұмыс бар жерге қоныс тебеді. Біз болсақ үй салып, сол жерге байланып қаламыз. Менің пайымдауым бойынша,  адам ұрпағы үшін жауапкершіліктің 30 пайызы  мемлекет, қалған 70 пайызы өз мойынында болуы тиіс.

 Біз, қазақтар, шектен тыс мейманжай, көңіліміз ашық, қулықты білмейтін халықпыз, соғыс жылдары және одан кейін де көптеген халықтарға пана болғанбыз. Індет, ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін, қиын-қыстау жылдарын бастан кешіргенбіз.


Соған қарамастан, байтақ кең даламызды иемденіп, өсіп-өркендеп келе жатырмыз, бүгінгі заманға сай өмір сүруге талпынып жатырмыз, бұл қуанатын жағдай.

Бірақ біз біреудің көңіліне ғана қарап қалмай, өзіміз өзімізге жақсылық жасауды үйренуіміз керек, басқан қадамымызды байқап, есеппен адымдауымыз қажет.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Сая ЗАҒИПОВА


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар