"Салық жинап жүрген алаяқтар болуы мүмкін". МКК мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 25 жел. 2024 10:03 532

Бүгінгі күндері салық төлеушілердің электрондық мекен-жайларына және әлеуметтік желілерге "банк шоттарындағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алуды бұзушылықтарды жою туралы ескерту" деген сипатта интернет-алаяқтар хабарламалар жіберіп жатыр, деп жазады Dalanews.kz.

Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) өздерінің ақпараттық жүйелерінен салық төлеушілердің электрондық пошталарына хабарлама жіберілмейтінін нақтылайды. Ондағы барлық хабарлама нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген. ҚР ҚМ МКК ақпараттық жүйелерінде хабарламаларды қалыптастыру кезінде хабарлама нөмірлері оларға енгізілген алгоритм бойынша автоматты түрде жасалады. Атап айтқанда, МКК ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек:

  • салық төлеушінің кабинетіне,
  • "электрондық үкімет" порталының жеке кабинетіне
  • "E-salyq" мобильді қосымшаларына жібереді.

"Салық төлеуші хабарламалардың бір бөлігін бірден өзінің жеке кабинетінде КТС, ЭҮП немесе ESA, ESO-да көре алады. Бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламалар салық төлеуші қол қойылған PDF нысанын өзінің электрондық поштасына КТС немесе ЭҮП арқылы дербес сұратады", делінген хабарламада.

Осыған байланысты, МКК қырағылық танытуға және жалған хабарламаларға сенбеуге, қолма-қол ақша аудармауға, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге, алынған хабарламалардың дұрыстығын тексеруге кеңес береді.
    


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар