Сәкен Жұмашев: Ұлттық қор қаражаты мен бизнесті қаржыландырудың тиімділігі қайта қаралуы тиіс

Көркем Алдабергенова 18 сәу. 2026 15:00

KPMG Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша басқарушы серіктес және бас атқарушы директоры Сәкен Жұмашев Taldau Talks-тың кезекті шығарылымында Қазақстан экономикасындағы қаржыландыру мәселелері мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, 2008–2024 жылдар аралығында Ұлттық қорға 204 млрд доллар түскен, ал осы кезеңде 160 млрд доллар жұмсалған.

«Бұл қаражат экономиканы дамытуға, мемлекеттік қолдауға, сондай-ақ банктерді құтқаруға бағытталды. Жалпы алғанда, мұндай қордың болғаны дұрыс болды», – деді ол.

Сонымен қатар, ол жеке қаржыландыру мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, кез келген кәсіпкер немесе банкир инвестиция салмас бұрын жобаның өтелу мерзімін, табыстылығын, тәуекел деңгейін және қаржының құнын есептейді.

«Екінші деңгейлі банктер тәуекелі жоғары, нәтижесі 5–10 жылдан кейін ғана көрінетін жобаларға баруға дайын емес. Олар қаражатты жылдам табыс әкелетін бағыттарға салуды жөн көреді», – деді сарапшы.

Жұмашевтің айтуынша, бұл – қалыпты жағдай, себебі жеке банктердің негізгі KPI-ы – табыс табу және қайтарылмайтын несиелердің (NPL) үлесін азайту. Ол Қазақстандағы шағын және орта бизнестің қазіргі жағдайына да тоқталды. Оның пікірінше, бұл сектор «қос соққыға» ұшырап отыр. Біріншісі – жоғары пайыздық мөлшерлемелер.

«Базалық мөлшерлеме шамамен 18%, ал банктер несиені 22–24% деңгейінде береді. Мұндай жағдайда жаңа бизнес ашу іс жүзінде мүмкін емес, себебі кәсіпкер бұл шығынды қызмет бағасына қосуға мәжбүр», – деді ол. Сондай-ақ, сарапшы АҚШ-та қолданылатын PMI индексін мысалға келтіріп, ол экономикалық белсенділікті бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстанда да ұқсас көрсеткіштер төмен деңгейде екенін айтты. Оның дерегінше, кәсіпкерлердің 16,7%-ы қаржыландыруға қолжетімділікті бизнестің дамуына кедергі келтіретін басты мәселе деп санайды. Жұмашев экономиканың басым секторларын нақты айқындау қажеттігін де көтерді. «Біз бір мезетте бірнеше саланы дамытқымыз келеді: автонарық, пайдалы қазбалар, күрделі өндіріс, тіпті ғарыш саласы. Бірақ нақты қай бағыттарға басымдық берілетіні анық болуы керек», – деді ол.

Оның айтуынша, «Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі» сияқты даму институттарының тиімділігі олардың мандатына байланысты. Қаражат қайда бағытталса, нәтиже де сол жерден көрінеді. Сарапшы келтірген деректерге сәйкес, 2015–2023 жылдары шағын және орта бизнеске 9,9 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Алайда бұл көмек шамамен 200 мың компанияға ғана жеткен, бұл – елдегі барлық кәсіпорындардың 10%-ынан аз.

«Орташа қолдау көлемі шамамен 100 мың доллар болды. Ал Германиядағы KfW банкі 800 мың компанияны қамтып, орташа 50 мың доллар көлемінде қаржы бөлген. Яғни қамту ауқымы әлдеқайда кең», – деді ол.

Жұмашев мемлекеттік қаржыландыруды «тамшылатып суару» әдісімен салыстырды. Оның пікірінше, қаражатты барлығына бірдей үлестіру тиімсіз.

«Егер нақты критерийсіз қаржы таратсақ, қайтарымсыз несиелер өседі, ал инвестиция тиімділігі төмендейді», – деді ол.

Ол даму институттарының KPI-лары тек қаржы көлемімен емес, нақты нәтижемен өлшенуі тиіс екенін атап өтті.

«Қанша компания экспортқа шықты, қаншасы тұрақты жұмыс істей бастады, жеке капитал қаншалықты тартылды – басты көрсеткіштер осы болуы керек», – деді сарапшы.

Сөз соңында ол мемлекеттік шығындардың шамадан тыс өсуі тәуекел тудыратынын ескертті.

«Егер бюджет тапшылығы жоғары деңгейде сақталса, Ұлттық қор 5–7 жылда таусылуы мүмкін. Сондықтан қаржыны нақты нәтижеге жұмыс істейтін жобаларға бағыттау қажет», – деді Сәкен Жұмашев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove