“Менің камзолым екенін мойындау керек” – Баян Алагөзова хейтерлерге жауап берді

Көркем Алдабергенова 18 сәу. 2026 13:17

Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова “Қыз Жібек” фильміндегі кейіпкердің камзолына қатысты дауға пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл оқиға қоғамда кең резонанс тудырған болатын. Қазіргі уақытта продюсер Ыстамбұлда жүр.

Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайға қатысты өз ойын ашық жеткізген. 

“Ұлттық құндылық саналатын “Қыз Жібек” камзолы олигархтың әйелінің қолына өтіп кетіпті деген айып тағылып жатыр. Сөйтсем, менің енді атым да, атағым да, ел мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегім де жоқ болып шықты. Сондықтан, диванда отырып пікір жазатын журналистер, алдымен “олигарх” дегеннің не екенін қарап алыңыздар. Менің күйеуім олигарх емес, ел қазынасына қомақты салық төлейтін адал кәсіпкер”, – деді ол.

Продюсердің сөзінше, камзолға ондаған жыл бойы ешкім назар аудармаған.

“Бүкіл елді шулатпас бұрын, өздеріңіз айтып отырған мәдени шокқа қараңыздар. Неге 50 жылдан астам уақыт бұл камзол ешкімге керек болмады? Неге ешкім оның қайда екенін сұрамады? Ұлы фильмнің костюмдерін кім сақтады? Ешкім сақтаған жоқ! Оны қоқысқа тастатпай, бір ұлы әйел ғана аман алып қалды. 30 жыл бұрын Қазақстандағы бірде-бір басшылық “Қыз Жібек” фильмінің костюмдері қайда деп сұрамады. Себебі ол ешкімге қажет болмады. Ал қазір құжат бойынша жойылып кеткен, әлдеқашан қоқысқа айналуы тиіс камзол бәрінің көмейіне кептелгендей болды”, – деп ашуланды Алагөзова.

Оның айтуынша, камзолды оған бұрын қоймада жұмыс істеген әйел сыйлаған.

“Бұл костюм ешкімге тиесілі емес, ешбір құжатта тіркелмеген. Оны әлгі әйел үйінде сақтап келген. Кейін оны сенімді қолға бергісі келді. Жылына 30 адам ғана баратын музейге емес. “Қазақфильм” музейіне қанша адам барады? Онда қандай костюмдер барын білесіздер ме? Ал мен бұл камзолды дамытамын. Ертең оның 600 көшірмесін тіктіріп, әр адам оның “Қыз Жібек” камзолы екенін білетін болады. Менде ондай идея бұрыннан бар еді”, – деді ол.

Продюсер бұл бұйымды кеңінен насихаттауды көздейтінін айтты.

“Бұл камзолдың “Қазақфильмге” немесе басқа біреуге тиесілі екенін дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Сондықтан бұл – менің камзолым екенін мойындау керек. Мен оны барынша дәріптеп, ұлы суретші Гүлфайрус Ысмайылова жасаған сұлулықты халыққа танытамын”, – деді Алагөзова.

Сонымен қатар, ол алдағы жоспарын да бөлісті.

“Өркениетті елдерде кез келген адам ұлы тұлғаларға тиесілі заттарды сатып алып, иелік ете алады. Айтпақшы, менің гардеробымда ұлы Роза Бағланованың костюмі бар. Енді соған да айып тағасыздар ма? Алдағы уақытта да ұлы әйелдердің костюмдерін сатып алғым келеді. Роза Рымбаевадан да сатып алуды жоспарлап отырмын. Бұл – менің жеке қалауым”, – деп түйіндеді продюсер.

Еске салайық, әлеуметтік желіде продюсер Баян Алагузова жариялаған жазбадан кейін «Қыз Жібек» фильміндегі костюмге қатысты жағдай тексеріліп жатқаны хабарланған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove