«Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты тексеріс басталды

Самал Асқар 17 сәу. 2026 17:34

Әлеуметтік желіде продюсер Баян Алагузова жариялаған жазбадан кейін «Қыз Жібек» фильміндегі костюмге қатысты жағдай тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Dala News.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында фильмде пайдаланылған бір түпнұсқа камзол сақтаулы.

Аталған экспонат ұлттық кинематографияның маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалады.

Ал продюсер атап өткен екінші камзолдың жеке адамдардың қолына қалай түскені қазіргі уақытта анықталып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақфильм киностудиясы тарихи құндылығы бар реквизиттер мен костюмдерді жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Бұл жұмыс ұлттық мәдени мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

Сонымен қатар, киностудия жанынан заманауи талаптарға сай ірі музей ашу жоспарланып отыр. Онда отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылады.

Министрлік мәдени құндылықтарды сақтау мен қорғау мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті және қоғамға ашық әрі нақты ақпарат беруге дайын екенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove