2026 жылдың 18 сәуірінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Сарқан ауданында «7 OZEN» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған шара барысында Басқан өзенінің жағалауы тазартылып, табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы Байгунысов, Жоңғар Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы, жастар мен еріктілер және өңір тұрғындары белсене қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы Байгунысов:
«Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай акциялар арқылы біз қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, келер ұрпаққа таза әрі көрікті өңір қалдыруға үлес қосамыз. Әр тұрғын туған жердің тазалығына бейжай қарамауы тиіс», – деп атап өтті.
Сенбілікке 120-дан астам адам қатысып, 6 арнайы техника жұмылдырылып, 20 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті. Осындай экологиялық шаралар өңірдің тазалығын сақтауға өз үлесін қосуда.
