Жанармай экспорты қайта жабылады

Самал Асқар 17 сәу. 2026 21:13

Қазақстанда бензин және басқа да жанармай материалдарын елден шығаруға қойылған уақытша тыйымды ұзарту көзделіп отыр, деп хабарлайды Dala News.

Энергетика министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерін автокөлік арқылы, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға тыйым сақталады. Сонымен қатар теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды экспорттауға қатысты шектеулер де күшінде қалады.

Құжатта 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуол мен ксилолды және мұнай битумын шығаруға қосымша тыйым енгізу қарастырылған.

Министрлік бұл шаралар ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove