Қазақстанда машина жасау саласы қалай дамып жатыр?

Қаракөз Амантай 17 сәу. 2026 18:49

Машина жасау саласы өзге бағыттармен салыстырғанда ең жоғары өсім көрсетті. Бұл елде күрделі әрі технологиялық өндірістердің күшейіп келе жатқанын аңғартады, деп хабарлайды Dalanews.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Сандар сөйлейді

Мәселен, машина жасау бірден 21,9%-ға өсті. Әсіресе, автокөлік өндірісіндегі өсім – 29,6%, ал электр жабдықтарын өндіру – 31,3%-ға артқаны назар аударарлық.

Сарапшылардың мәліметінше, ҚАО және Ұлттық статистика бюросы деректеріне сүйенсек, 2025 жылы жаңа автокөліктер нарығы 14,4%-ға өсіп, қатарынан екінші жыл 200 мыңнан астам көлік сатылған. Оның 69%-ы – отандық өндіріс өнімдері.

Мамандардың айтуынша, күрделі технологиялық өндірістердің дамуы экономикаға ұзақмерзімді әсер береді. Себебі бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, қосалқы бөлшектерге, логистика мен сервистік қызметтерге сұранысты арттырады. Сонымен бірге бұл ел экономикасының біртіндеп шикізат моделінен алыстап келе жатқанын көрсетеді.

Осыған байланысты республика қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмайды. 2026 жылғы 2 сәуірде өткен машина жасаушылар форумында Азамат Панбаев саладағы қолдау шараларын қайта қарау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, машина жасау саласын дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіру жөніндегі заң жобасы қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатыр.

«Қолдау құралдары қайта қаралуда. Мемлекет өңдеу тереңдігіне, жобаның ауқымы мен қаржылық-экономикалық көрсеткіштеріне қарай мақсатты түрде ұсынылатын тетіктерді әзірлеп жатыр», – деді Панбаев.

Ал инвестиция көлеміне келсек, сол форумда Әлібек Қуантыров корей және америкалық ірі компаниялардың Қазақстанда автокөлік бөлшектерін өндіруге қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Салыстыру үшін, 2000-жылдардың басында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 75%-ы мұнай-газ және металлургия салаларына бағытталса, бүгінде бұл көрсеткіш 30-35%-ға дейін төмендеген. Ал қаржы ағынының едәуір бөлігі машина жасау саласына бет бұрған. Қазір бұл секторда 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді, бұл – оң үрдіс.

Сондай-ақ бұған дейін америкалық және корейлік компаниялар арасында ниет туралы келісімге қол қойылған. Егер алюминий дискілерін Қазақстанда өндіру жобасы іске асса, тараптар ынтымақтастықты тереңдетіп, өзге де бөлшектерді шығаруға қызығушылық танытуы мүмкін.

Бұдан бөлек, 2027 жылға қарай металл өнімдерінің түрлері екі есеге дейін артуы ықтимал.

«Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация мен кластерлеу дамып келеді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өнімді пайдалану аясы кеңеюде. Қазірдің өзінде болаттың жекелеген түрлері автокөлік өндірісінде қолданылып жатыр», – деді Олжас Сапарбеков.

Айта кетейік, елдегі жетекші автокөлік өндірушілердің бірі – Allur компаниясы. Кәсіпорын 22 жылдан бері саланы жүйелі түрде дамытып келеді. Ол Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Skoda, Geely Galaxy және Li Auto сияқты танымал брендтердің ресми дистрибьюторы әрі дилері болып табылады.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы зауыт 92 мыңнан астам автокөлік шығарған. Қазақстан нарығындағы Allur үлесі 54%-ды құрап, компанияның индустриялық драйвер ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

2025 жылы кәсіпорын модельдік қатарын кеңейтіп, Jetour X70 PLUS кроссоверінің ұсақ тораптық өндірісін, сондай-ақ Geely Galaxy EX5 EM-i гибридті моделін – Қазақстанда шығарылған алғашқы гибридті автокөлікті іске қосты.

Ал биылғы наурызда компания тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті – MG (Morris Garages) автокөліктерін жергілікті өндіріс пен сатуды бастады.

Бұл жоба SAIC Motor компаниясымен стратегиялық серіктестіктің жалғасы болды. Ынтымақтастық туралы келісім 2025 жылы Шанхайдағы 21-ші халықаралық автосалонда жасалған.

Сәуір айының басында Алматыда MG Allur жаңа дилерлік орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қытайдан арнайы қонақтар келген.

Жаңа дилерлік орталық MG брендінің жаһандық стандарттарына толық сәйкес келеді. Мұнда клиенттер модельдермен танысып, тест-драйв жасап, сервистік және кепілдіктен кейінгі қызметтерді пайдалана алады. Бұл жоба тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, MG автокөліктерінің қолжетімділігін кеңейтеді.

Қазіргі таңда Allur Қазақстан бойынша Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Семей, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында 10 дилерлік орталықтан тұратын желіні дамытып отыр.

Жыл соңына дейін бұл желіні 24 орталыққа дейін кеңейту жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove