Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мәжіліс отырысында маңдайша жазулары мен дауыстық жарнамаға қатысты өзекті мәселе көтеріп, жауапты органдарға сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар – шетелдік туристер көптеп келетін орталықтар. Дегенмен қазір көшедегі маңдайша жазулар үш түрлі әліпбиде беріледі.
"Қазір минимализм заманы. Кириллицаны екінің бірі түсініп жатқан жоқ. Сондықтан кем дегенде мемлекеттік емес мекемелердің маңдайша жазуларын дизайн кодқа сәйкес тек латын әліпбиімен рәсімдеуге рұқсат беру керек. Осы мәселеге Үкімет қандай көзқарас білдіреді?" – деп сұрады депутат Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннен.
Сонымен қатар депутат Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне дауыстық жарнамаға қатысты ұсынылып жатқан шектеулер туралы сауал жолдады.
"Сіздер дауыстық жарнаманы тоқтатамыз деп жатырсыздар. Бұл қалай жүзеге аспақ? Мысалы, "Алтын орда" базарында Мұқағалидің өлеңдерін оқып, кітап сататын ағамыз бар. Оны көру үшін арнайы баратын адамдар бар. Ол неге жазықты? Немесе Астанада Шәмшінің әндерін шырқайтын бір апамыз бар. Алатау театрының 'Қазақша терапия' ұжымы бар. Олардың қымбат билбордтарға жарнама жасауға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан домбыраларын алып, метроның ішінде ән шырқап, өнерлерін паш етеді.
Бұл жарнаманың ерекше әрі әдемі түрі. Енді олардың бәріне айыппұл саласыздар ма? Олардың жағдайы не болмақ?" – деді Зайытов.