Рухани дипломатияның қыр-сыры: әлемдік дін лидерлерін бір үстел басына қалай жинау керек

Жарбол Кентұлы 05 қыр. 2025 21:45

Сенат Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Динара Сәтжан мен Әділ Сейфулиннің Qogam News жобасына берген сұхбатында форумның көзге көрінбейтін қырлары туралы айтып берді.

Алғаш қарағанда, қазіргі кездегі рухани көшбасшыларды жаһандық мәселелерді талқылау үшін бір үстел басына жинау оңай көрінуі мүмкін. Алайда, Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, әрбір осындай кездесудің артында Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық миссияларының, Съезд Хатшылығы мен күрделі геосаяси жағдайда және шиеленіскен халықаралық қайшылықтар аясында жұмыс істейтін ынталы топтың орасан еңбегі жатыр.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы Съезге ерекше мән беріп отыр. Біздің шетелдік әріптестеріміз де мұны атап өтуде. Шын мәнінде, бүгінде бәріміз бақылап, алаңдап отырған Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде рухани көшбасшыларды бір үстел басына жинап, оларды бетпе-бет отырып, геосаясат пен қазіргі әлемдегі күрделі мәселелерді талқылауға шақыру - оңай міндет емес. Иудаизм мен ислам әлемінің лидерлерін ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қайшылықтар жағдайында қатар отырғызу да оңай емес. Қазіргі заманда бұл қайшылықтар жаңа сипат алып отыр.

Сондықтан Съезд – бұл жай ғана шақыру қағазы жіберіп, қатысушылардың келуін күтетін қарапайым конференция емес. Бұл – ауқымды еңбектің нәтижесі. Рухани көшбасшылардың жиналып, бейбітшілік пен диалог мәселелерін талқылауының өзі халықаралық ахуалды тұрақтандыру тұрғысынан маңызды қадам болып саналады. Егер қатысудан бас тартып жатса, біз дәйекті дәлелдер келтіріп, түсіндіруге тырысамыз. Соның нәтижесінде көп жағдайда рухани көшбасшылардың жақындасуына қол жеткіземіз, – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы.

https://www.youtube.com/watch?v=cUkhfepTogA


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар