"Самұрық-Қазына" АҚ мен Руанданың мемлекеттік органы Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board (RMB) арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды. Ұлттық қор мәліметінше, бұл құжат Руанда территориясында өндірілетін бериллия шикізатын "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ қажеттілігіне пайдалану үшін жеткізілім мүмкіндіктерін қарастырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагаменің жүргізген келссөздер қорытындысы бойынша қол қою мүмкін болды.
Қос мемлекет басшыларының кездесуінің қорытындысы бойынша мына тоғыз құжатқа қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Руанда Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасында саяси және дипломатиялық консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Руанда Республикасы Қаржы және экономикалық жоспарлау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Руанда Республикасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновация министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Руанда Республикасы Білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Руанда Республикасы Ауыл және мал шаруашылығы министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- "Самұрық-Қазына" АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Руанда Республикасы Даму кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Руанда Республикасы Сауда және индустрия министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- "Kazakh Invest" Ұлттық компаниясы" АҚ мен Руанда Республикасы Даму кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Қол қою рәсімінен кейін қос президент баспасөз алдына шықты.
Мемлекет басшысы Руанда Президенті Поль Кагаменің Қазақстанға 2015 жылы жасаған сапарынан кейін екі елдің өзара құрметке негізделген, ынтымақтастық пен орнықты дамуды көздейтін қарым-қатынасы айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтті.
Президент Қазақстанның Африка мемлекеттерімен байланысты кеңейтуге ерекше мән беретіне назар аударды.
"Сіздің көреген көшбасшылығыңызбен Руанда даму даңғылына түсіп, институционалды орнықтылық пен болашаққа бағдарланған жаңашылдықтың үлгісін көрсетті. Еліңіздің экономикалық өсімі 8 пайыздан асты. Бұл – жаңғыртудың жарқын көрінісі. Осы орайда Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береміз. Қазақстан екіжақты тиімді байланыстарды нақты жобалар арқылы ілгерілетуге дайын. Сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Руанда арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Поль Кагаме көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның екіжақты ықпалдастықты дамытудағы күш-жігеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ Руанда мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің әлеуетіне тоқталып, екі елдің өркендеуіне және стратегиялық диалогтың нығаюына ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
"Астанаға екінші мәрте жолым түскеніне қуаныштымын. Қазақстан ұлттық даму жолында толайым табысқа жетіп, соның арқасында халықаралық аренадағы рөлі артып келеді. Біз Өзіңізбен және Сіздің еліңізбен серіктес әрі достас болғанымызға ризамыз", – деді Руанда Президенті.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттарын, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, электрондық үкімет және қаржы салаларындағы байланыстарды дамытуға уағдаласты.