Қазақстанда 2035 жылға қарай халықты газбен қамту деңгейін қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Президент тапсырмасы аясында газ саласын дамыту үшін биыл бірқатар маңызды құжат қабылданды. Атап айтқанда, 24 маусымда газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заңға қол қойылды. Құжат газ саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, тауарлық газды үнемді пайдалануға, есепке алуды цифрландыруға және газ инфрақұрылымы құрылысының сапасын арттыруға бағытталған.
Ақкенженовтің сөзінше, Үкімет 2025-2029 жылдарға арналған газ саласын дамытудың кешенді жоспарын және 2035 жылға дейін көмірсутек шикізатының жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспарын бекітті. Бұл құжаттар жаңа мұнай-газ кен орындарын игеруге, ресурстық базаны ұлғайтуға және табиғи газға өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазір жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. QazaqGaz компаниясымен тоғыз келісімшарт жасалған. Оның алтауы барлау кезеңінде болса, үшеуі өндіру кезеңіне өткен.
Министрдің айтуынша, 2023-2025 жылдары Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ал 2027 жылы Западная Прорва кен орнының екінші кезеңі, сондай-ақ Малдыбай, Придорожное және Урихтау кен орындарын іске қосу жоспарланып отыр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдегі газдандыру деңгейі 64,2%-ға жеткен. Қазір табиғи газға 13,1 миллион адам қол жеткізіп отыр.
Биыл газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бойынша 40 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде жеті жоба – өтпелі, ал 33-і – жаңа жоба.
Солтүстік өңірлерді газбен қамту мақсатында Қазақстан Үкіметі мен Ресейдің «Газпром» компаниясы арасында «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі меморандумға қол қойылған. Министрдің айтуынша, бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын тұрақты газбен қамтамасыз етіп, елдің солтүстігіне газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан арқылы 70,4 млрд текше метр газ транзиті жүзеге асырылған. Биыл бұл көрсеткішті 73,3 млрд текше метрге жеткізу жоспарланған. Ал алғашқы бес айда транзит көлемі 30,3 млрд текше метрді құрады.
Министрдің айтуынша, 2032 жылға қарай тауарлық газ өндірісі 27,4 млрд текше метрден 35,5 млрд текше метрге дейін өседі. Бұл 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 29,6%-ға жоғары.
Өсім Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы және жаңа жобалардың жүзеге асырылуы есебінен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, 2027 жылы Қашағандағы қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты мен Жаңаөзендегі 0,9 млрд текше метрлік Қазақ газ өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. Ал 2030 жылға қарай Қашағандағы 2,5 млрд текше метрлік және Қарашығанақтағы 5 млрд текше метрлік жаңа газ өңдеу зауыттарын іске қосу көзделген.
Министр газ саласын цифрландыруға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Aqyl Energy жобасы аясында бүгінде 49 мың смарт-есептегіш жеткізілген. Жалпы жоба 1 млн 352 мың газ есептеу құралын қамтиды.
Сонымен қатар QazaqGaz Aimaq компаниясы тұтынушыларға газ есептегіш көрсеткіштерін онлайн жіберуге мүмкіндік беретін цифрлық сервисті іске қосты. Қызмет есептегіштің фотосын автоматты түрде танып, төлемдер, берешек және газ тұтыну туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, газға қосылуға арналған техникалық шарттарды алу рәсімі де толық цифрландырылған. Енді азаматтар мен кәсіпкерлер өтінімді eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн бере алады. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік берген.
Сондай-ақ бүгінгі таңда еліміздегі газ тарату желілерінің 91%-ы немесе 65 мың шақырымы, ал тұтынушылардың 93%-ы цифрлық базаға енгізілген.
Министрдің сөзінше, Энергетика министрлігі Мемлекет басшысы жүктеген барлық тапсырманың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.