Қазақстанның танымал эстрада әншісі Роза Рымбаева алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылы 20 желтоқсанда сотта С.Бекқайыровқа қатысты ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Осылайша басты сот талқылауы 2024 жылдың 9 қаңтарына белгіленген болатын.
Белгілі болғандай, бұл жайсыз оқиға 2013 жылы бастау алған. Жұмыссыз жүрген Бекқайыров С. (1961 ж.т.) өзінің алыстағы танысы Тұрлыханов Д.-мен жолығады.
"Кездесу барысында ол инвестициялық жобаға ақша қажет екенін айтып, жалған ақпарат береді. Жәбірленуші Тұрлыханов Бекқайыровқа сеніп, оған 1 миллион 200 000 АҚШ доллары көлемінде ақша табыстаған. Ал Бекқайыров оны қайтармаған", - делінген сот материалдарында.
2017 жылы Бекқайыров таныстары арқылы Роза Рымбаеваның 400 мың долларға пәтерін сатып жатқанын біледі. Алаяқ өнер иесіне хабарласып, кездесу ұйымдастырады.
"Кездесу барысында ол пәтерді сатуға көндіреді. Бірақ ақшасын кейінірек беретінін айтады. Нотариуспен сатып алу-сату шартын жасасқан Бекқайыров Рымбаеваға 195 мың доллар табыстайды. Алайда қалған қаражатын қайтармайды. Осылайша алаяқ Рымбаеваға 69 427 350 теңге материалдық шығын келтірген", - дейді сот.
Бұл қылмыстық іс бойынша бірінші сот отырысы 2024 жылдың 9 қаңтарында өткен. Алайда екінші сот күні әлі белгіленбеген.
Айыпталушының адвокаты оның Қазақстаннан тыс жерде екенін айтып, сот отырысын алаяқтың қатысуымен өткізуді талап етіп отыр.