ШҚО-да 1075 басқа арналған жаңа сүт-тауарлы ферма ашылды

Ақтоты Жапатова 22 жел. 2025 09:55

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Алтай ауданына жұмыс сапары барысында Полянское ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа өндірістік нысан «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС жүзеге асырып отырған ауқымды инвестициялық жоба аясында салынды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында 21 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10,151 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 5,4 млрд теңгеден астамы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен бағытталған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, 2025 жылдың қараша айында толық аяқталды.

Жобаның бас мердігері – «ШығысАгроХолдинг» ЖШС. Қазіргі уақытта нысан заманауи технологиялармен жабдықталып, қажетті техника толық сатып алынған. Сонымен қатар, жемшөп базасын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Алдағы уақытта ферма жоғары өнімді құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, голштин тұқымындағы асыл тұқымды ірі қара мал әкелу жоспарланып отыр.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 6 мың тоннаға дейін сүт өндіру көзделген. Қазіргі таңда компанияда 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, жоба «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жаңа ферма өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, сүт өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуге оң ықпал етпек. Сондай-ақ жоба ауылдық жерлерде өндірісті дамытуға және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар