20 тамыздан бастап маркетплейстер арқылы смартфон сатып алатын қазақстандықтар үшін жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес маркетплейстер тек верификациядан өткен құрылғыларды сатуға міндетті. Сатып алғаннан кейін смартфонның верификациядан өтпегені анықталса, тұтынушы оны сапасыз тауар ретінде заңнамада белгіленген тәртіппен сатушыға қайтара алады.
Тағы бір өзгеріс - сатып алмас бұрын сатушы құрылғының IMEI кодтарын ұсынуға міндетті. Бұл сатып алушыға смартфонның мәртебесін алдын ала тексеруге мүмкіндік береді.
Тауарды қабылдамас бұрын барлық IMEI кодты imei.rfs.gov.kz сайты немесе eGov mobile қосымшасындағы "Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру" қызметі арқылы тексеру ұсынылады. Құрылғының мәртебесі "Сәтті верификацияланған" болуға тиіс.
Тексеру кезінде "Желіде бұрыннан тіркелген" деген мәртебе шықса, бұл смартфон басқа пайдаланушының атына тіркелгенін білдіреді. Жаңа құрылғыда мұндай мәртебе болмауы керек. Сондықтан кейін қиындық туындамас үшін мұндай смартфонды сатып алудан бас тартқан жөн.