Қазақстанда шетелден әкелінетін алмаларға уақытша тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда шетелден әкелінетін алмаларға уақытша тыйым салынуы мүмкін
pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі елге алма импортын уақытша шектеу туралы бұйрық жобасын әзірледі. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобаға сәйкес тыйым 2026 жылғы 1 тамыздан 31 желтоқсанға дейін енгізіледі. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден және өзге мемлекеттерден автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы жеткізілетін алмаларға қатысты болмақ.

Ал Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдар мен ЕАЭО елдері арасындағы республика арқылы жүзеге асырылатын жүк тасымалы бұл тыйымға кірмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бастама 2026 жылғы 5 маусымда өткен Сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі негізінде әзірленген. Оның негізгі мақсаты ө өнім жинау кезеңінде отандық бағбандарды қолдау және қазақстандық алманың тұрақты сатылуын қамтамасыз ету.

Министрлік бұл құжат қабылдануы әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейді деп есептейді.

Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 8 шілдеге дейін жалғасады. Осыдан кейін құжатқа қол қойылса, тыйым тамыздан бастап күшіне енеді.