Алматыда автобуста бірнеше тұрғын шетелдік азаматты соққыға жыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде таралған, Алматы қаласындағы қоғамдық көліктердің бірінде бұзақылық сипатындағы әрекет бейнеленген бейнежазбаға байланысты полиция тарапынан жедел түрде тексеру және іздестіру шаралары басталды.
Оқиға 18 желтоқсанда болған. Бұл дерек бойынша полиция органдарына ресми арыз-шағым немесе хабарлама түспеген. Қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дер кезінде шара қолданып, тәртіп бұзушыны автобустан түсірген.
Сонымен қатар, аталған бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ автобуста болған шетел азаматының және өзге де тұлғалардың жеке басы анықталуда.
Полиция қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытатын, жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына қайшы келетін дөрекі әрі арсыз әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік көзделгенін еске салады.
