Алматыда «Цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы» атты дөңгелек үстелде белгілі сарапшы Айбар Олжаев 2027 жылдағы медианың өміріне болжам жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, 2027 жыл медиа үшін қиын болмақ.
"Meta Қазақстанға шамамен 6-7 млрд теңге салық төлейді. Оның ішінде халықаралық маркетплейстер бар. Бірақ бізде мүлде басқа проблема болып тұр. 2027 жылдан бастап Қазақстанда жеке телеарналарды ұстау қиын болады. Олар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуі керек болады. Немесе тек мемлекеттік дотациядағы арналар қалады. Қалғандарына өте қиын болады. Мемлекеттік телеарналарға да қиын болуы мүмкін. Себебі олар 7-8 млрд теңгені жарнама арқылы тапса, қалғанын бюджеттен алатын. Енді олардың да жарнамасы қысқарса, бюджеті азаяды. Адам саны қысқаруы мүмкін. Осы тұста жасанды интеллект дамиды. Көп дикторды жасанды интеллектке ауыстыруы мүмкін. Біраз адам жұмыссыз қалады", - дейді Айбар Олжаев.
Сарапшының сөзінше, бүгінде жасанды интеллекттің әсері сайттарға да тиіп жатыр.
"Интернет, сайттар да қиналып жатыр. Себебі адамдар жаңалыққа кірмейді. Адамдар барып, жасанды интеллекттен сұрай салады. Жасанды кликбейттің 40 пайызын "ұрлап" кеткен. Рейтингтер құлап жатыр. 2027 жыл сайттар үшін де қиын болады", - дейді маман.
