"Росатом", қытайлық CNNC: Қазақстанда үшінші АЭС-ты кім салады?

Кәмшат Тілеухан 16 мау. 2025 10:31

Әзірге, Қазақстанда екі АЭС-ті кім салатыны белгілі болды. Әзірге дейтін себебіміз, өз сөзінде Мемлекет басшысы, негізінен, Қазақстанға үш АЭС-тің қажеттігі туралы айтып келеді. Сонымен өткен демалыс күндері, атап айтқанда, 2025 жылы 14 маусымда алдымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы "Росатом" болғаны жарияланды. Көп ұзамай тағы бір АЭС құрылысы бойынша консорциумның жетекшісі анықталып, ол Қытайлық CNNC болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл арадағы бірінші АЭС бойынша шешім қазақстандықтарды таң қалдырды. Себебі санкциядағы мемлекет емін-еркін әрекет ете алмайтыны белгілі. Түркиядағы АЭС құрылысы да осы себепті тоқтап тұр емес пе? Осындай сауалдар легі қоғамда бірден бұрқ етті. Оған жауап бірден берілді. Яғни, елімізде АЭС салу бойынша халықаралық консорциум жетекшілерінің қалай таңдалып алынғаны егжей-тегжей түсіндірілді.

Вендорлармен жүргізілген келіссөздер 

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен ашық және бәсекеге қабілетті диалог аясында реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылғаны нақтыланды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің "қысқа тізіміне" келесі компаниялар енді: "Росатом" (Ресей), "China National Nuclear Corporation" (Қытай), "Électricité de France" (Франция) және "Korea Hydro & Nuclear Power" (Оңтүстік Корея).

Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілді. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадрлар даярлығы және өзге де көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылды.

"Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік "Росатом" компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық "China National Nuclear Corporation" жайғасса, француздық "Électricité de France" пен кореялық "Korea Hydro & Nuclear Power" ұсыныстары үшінші орынды иеленді", делінген агенттік хабарламасында.

Осылайша, "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталды. Қазіргі уақытта "Росатом" ұсынған ұсыныстар негізінде Ресей Федерациясы тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталуда.

Неге таңдау "Росатомға" түсті?

Көп ұзамай Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының басшысы Талғат Темірханов бұл реттегі өз жұмыстарын тізбелеп, таңдау "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС-ның фрнцуздың Assystem инжинирингтік компаниясының қатысуымен бірлесе әзірленген әдістемесі негізінде жасалғанын нақтылады. Ол алғашқы АЭС 2400 МВттық болатынын да жеткізді.

"Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығы мұны уақтылы және стратегиялық негізге сүйене отырып жасалған шешім ретінде қолдайды. Қуаты 2400 МВт-тық АЭС жыл сайын шамамен 19 млрд кВт сағаттың таза және тұрақты электр энергиясын өндіретін болады, бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін едәуір нығайтуға, электр энергиясы импортына тәуелділікті төмендетуге және ең жоғары жүктемелерді тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ол.

Темірханов бұл экологиялық тұрғыдан да, тұрақты энергетикаға көшу тұрғысынан да маңызды қадам екенін баса атап өтті. 

"Серіктес ретінде таңдалған "Росатомның" тарихи және технологиялық тәжірибесі бар екенін атай кеткен жөн. Мемлекеттік корпорацияның бәсекеге қабілетті халықаралық нарықта сұранысқа ие нақты тәжірибесі мен сенімді технологиялары бар. Бүгінгі таңда "Росатом" Қытайда, Түркияда, Бангладеште, Беларусьта, Үндістанда, Иран мен Мысырдағы жобаларды ұлттық стандарттарға бейімдей отырып, жергілікті өнеркәсіпті белсенді түрде тартуда 20-дан астам энергия блоктарын  салып жатыр. Қауымдастық мұндай серіктеспен ынтымақтастық Қазақстанда атом энергетикасын сенімді, қауіпсіз және ұзақ мерзімді дамыту үшін берік іргетас қалай алады деп есептейді", – деп сөзін түйіндейді Темірханов.

Тағы бір АЭС-ты қытайлық CNNC корпорациясы салатын болды

Бұдан кейін Қытайлық CNNC Қазақстандағы тағы бір АЭС құрылысы бойынша консорциумның жетекшісі болатыны жарияланды.

Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, шорт-листке енген барлық преквалификациядан өткен қатысушылардың өзіне тән бірегей технологиялары бар. Дегенмен, Қытай мен Ресей ұсынған жобалар объективті түрде ең мықты болып танылды.

"Қытай Халық Республикасымен атом саласындағы ынтымақтастық жөнінде жеке бас келісімге қол қою жоспарланып отыр. Біз Қазақстанда тағы бір атом электр станциясын салу үшін қытай технологияларын пайдаланғымыз келеді. Жалпы алғанда, әлемде толық атом циклін өз күшімен жүзеге асыра алатын елдер көп емес. Ал Қытай – мұндай мүмкіндікке ие, барлық қажетті технологиялары мен индустриялық, өндірістік базасы бар мемлекет. Сондықтан біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық", – деді Сәтқалиев.

Қазақстандағы АЭС-тардың егесі кім болады?

Уран шикізатының меншік иесі, операторы және өндірушісі, сондай ақ болашақ атом станциясының барлық технологиялық процестерінің қожайыны Қазақстан Республикасы болады. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Ол конкурстағы басты шарттардың бірі - станцияның тәуелсіз және тиімді жұмысы қазақстандық мамандардың есебінен жүргізілуі. Яғни, келісімшарттарда кадрларды даярлау жүйесін, индустриялық-техникалық базаны және құрылыстың барлық кезеңдерін барынша оқшаулауды қалыптастыру қарастырылған.

"Біз Қазақстан экономикасына салынатын ауқымды инвестициялар туралы сөз болып отырғанын жақсы түсінеміз. Бұл арада: "Атом технологиялары мәселелерінде Ресейге тәуелділіктің қаупі өте аз, тіпті мүлде жоқ" деп қадап айта аламын. Мұның бәрі келісімшартта қарастырылған", - деді ол.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл арада өзара әрекеттесу формуласы қарапайым:

"Олар Қазақстанға келеді, АЭС салады, кадрларды даярлап, оқытады және бәрі аяқталғанда елдеріне оралады".

"Росатом" басшысы: Біз Ресей және Қазақстан басшылығының қолдауына арқа сүйейміз

"Росатомбасшысы да аталған жаңалыққа қатысты пікір білдіре кетті.  Әрине, олар бұл шешімге қуанышты.

"Қазақстандағы атом электр станциясы әлемдегі ең озық және тиімді жоба бойынша салынады, оның негізінде ресейлік технологиялар қолданылады. Бұл әлемдегі заманауи атом электр станцияларының бірі болады, бұл арада ВВЭР-1200 реакторлары қолданылады. Алда бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр, біз Ресей және Қазақстан басшылығының қолдауына шын жүректен сенім білдіріп, арқа сүйейміз", - деп атап өтті "Росатом" мемлекеттік корпорацияның бас директоры Алексей Лихачев.

Сөз соңында, вендорлар туралы агенттік таратқан хабарламадағы дерекке сүйенсек, үшінші АЭС-ты француздар корейлермен бірлесіп салуы мүмкін секілді. Бірақ, бұл тек долбар екенін, ал ресми мәлімет мүлде болмағанын баса айта кетелік. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар