Шымкенттегі Sin Yuan Steel зауытының қытайлық құрылтайшысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ол мамыр айында кәсіпорында полиция жүргізген арнайы операциядан кейін қозғалған қылмыстық істің Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілуіне қарсылық білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, аталған оқиғадан кейін кәсіпорын 179 миллион теңге шығынға ұшырап, шамамен 90 миллион долларлық инвестициялық жобадан айырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға қалай өрбіді?
Sin Yuan Steel компаниясының құрылтайшысы, Қытай Халық Республикасының азаматы Кэ Сююньнің айтуынша, 2026 жылдың 6 мамырында Шымкенттегі зауыт аумағына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келген. Кейін компания өкілдері арнайы операцияға “анонимді хабарлама” негіз болғанын білген.
“Біз үшін белгісіз адамның бір қоңырауы негізінде металлургиялық зауытқа арнайы жасақпен кіріп, осындай ауқымды операция жүргізілгені түсініксіз болды. Полиция қызметкерлері барлық бөлмені тексерді, бірақ адамдарды заңсыз ұстау немесе мәжбүрлі жұмысқа салу деректері анықталған жоқ. Бұл оқиғадан кейін кәсіпорынның жұмысы іс жүзінде толық тоқтап, бізге үлкен материалдық шығын келді”, – деді Кэ Сююнь.
Оның айтуынша, арнайы операция кезінде компанияның қытайлық қызметкерлері ұсталған. Олардың арасында зауытқа инвестиция салуға келген екі инвестор да болған.
“Менің Қытай азаматтары болып табылатын қызметкерлерімді Шымкент қаласындағы арнайы қабылдау орнына алып кетті. Олар ешқандай мән-жай толық анықталмастан, 12 күн бойы сонда отырды. Салдарынан кәсіпорынның толық өндірістік циклі тоқтаған”, – деді ол.
Кэ Сююньдің айтуынша, кейін Шымкент полициясы қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олардың лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс тіркелген. Тергеу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылған.
“Қылмыстық іс бойынша негізгі тергеу әрекеттері аяқталды. Сараптамалар жүргізілді, келтірілген шығын көлемі анықталды. Бірақ біраз уақыттан соң істің Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілгенін білдік. Дәл осы шешім үлкен күмән туғызды”, – деді компания құрылтайшысы.
Ол ешкімді алдын ала айыптамайтынын, алайда тергеуді полиция құрылымына тәуелсіз орган жүргізуі қажет екенін жеткізді.
“Біз ешкімді кінәламаймыз. Бірақ тергеу тәуелсіз әрі әділ жүргізілуі керек. Бұл істі жәбірленуші тараптың да, қоғамның да, халықаралық инвесторлардың да күмәнін туғызбайтын тәуелсіз орган тергеуі керек”, – деді Кэ Сююнь.
Қытайлық инвестордың айтуынша, болған оқиғадан кейін компания 179 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сонымен қатар халықаралық серіктестердің бірі келісімшарттан бас тартып, Қазақстан шамамен 90 миллион долларлық инвестициялық жобадан айырылған.
“Халықаралық серіктесіміз арнайы қабылдау орнында бір тәулік отырғаннан кейін Қазақстандағы жобаны жалғастырудан бас тартты”, – деді ол.
Адвокаттар мен аудармашыларды кіргізбеген
Кәсіпорын заңгерлерінің мәлімдеуінше, полиция басқармасына жеткізілген Қытай азаматтарына аудармашылар мен қорғаушылар жіберілмеген.
“Олардан қандай жағдайда жауап алынғанын және қандай сұрақтар қойылғанын білмейміз. Адвокаттарды да, аудармашыларды да ішке кіргізбеді. Кейін ұсталған азаматтардың барлығын арнайы қабылдау орнына алып кетті”, – адвокат Бақыт Шайдозов.
Компания қызметкерлері ұсталғандардың паспорттарын полицияға тапсыруға дайын болғанын, алайда құжаттарды қабылдау туралы өтініштер ескерусіз қалғанын айтады.
Кейбір Қытай азаматтарының төлқұжаттары сол кезде визаларын ұзарту үшін Алматы қаласының көші-қон қызметінде болған. Заңгерлер бұл жағдайды ІІМ-нің ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге болатынын түсіндіргенімен, полиция қызметкерлері олардың уәжін назарға алмаған.
“Ұсталғандардың арасында Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беретін визасы бар қызметкерлермен қатар, іскерлік және инвесторлық визамен келген азаматтар да болды”, - деді адвокат.
Компания өкілдері паспорттары қолында болған азаматтардың бір бөлігі келесі күні босатылғанын айтады. Ал құжаттары Алматыдағы көші-қон қызметінде болған адамдарды ұстау бірнеше күнге созылған.
Адвокат шығынның қалай есептелгенін түсіндірді
Компанияның адвокаты Марат Байзақовтың айтуынша, кәсіпорынға келген 179 миллион теңге көлеміндегі шығын жай болжаммен емес, сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен анықталған.
Оның сөзінше, полиция қызметкерлері зауытта болған жұмысшыларды алып кеткеннен кейін кәсіпорынның қалыпты өндірістік процесі бұзылған. Металлургиялық зауыт үздіксіз жұмыс істеуге тиіс болғандықтан, өндірісті аяқасты тоқтату жабдықтардың қалыпты режимнен шығуына және апатты жағдайдың туындауына әкелген.
“Зауыт тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге тиіс. Мұнда металды балқыту, түрлі химиялық қоспаларды қосу секілді күрделі технологиялық процесс бар. Қызметкерлерді алып кеткеннен кейін жабдықтар қалыпты жағдайда жұмыс істемей, өндіріс тоқтап қалды”, – деді Марат Байзақов.
Адвокаттың түсіндіруінше, кәсіпорын өнімдерін алдын ала сатып алған тапсырыс берушілер мен контрагенттер болған. Өндіріс тоқтағандықтан, компания міндеттемелерін уақытында орындай алмай, дайын өнімді жеткізбеген. Жұмыссыз тұрған жабдықтар, шығарылмаған өнім және орындалмаған келісімшарттардан туған шығынның барлығы сараптама кезінде есепке алынған.
“Клиенттер бұл өнімдер үшін алдын ала төлем жасаған. Алайда өндірістің тоқтауына байланысты тауар шығарылмады. Осы жағдайлардың бәрі сот-экономикалық сараптама барысында зерттеліп, нәтижесінде 179 миллион теңге көлеміндегі шығын дәлелденді”, – деді заңгер.
Полиция қызметкерлеріне қандай айып тағылған?
Кәсіпорынға жасалған рейдтен кейін Шымкент полициясы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру басталған.
21 мамырда Еңбекші аудандық прокуратурасы лауазымды тұлғалардың өкілеттігін асыра пайдалануы мүмкін деген дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеген.
“22 мамырда бұл іс Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушісіне берілген. 29 мамырда Бас прокурор орынбасарының қаулысымен Бас прокуратураның Арнайы прокуратурасы өкілінің жетекшілігіндегі тергеу-жедел тобы құрылған”, - деді заңгер.
Ресми материалда тергеу барысында негізгі дәлелдер жиналып, сот сараптамалары жүргізілгені және кәсіпорынға келген материалдық шығын мөлшері анықталғаны жазылған.
Неліктен Қытай елшілігіне жүгінбеген?
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер компания өкілдерінен мәселені Қазақстанның құқық қорғау органдары арқылы ғана емес, Қытай елшілігі мен халықаралық құқықтық тетіктерді пайдалану арқылы шешуге неге талпынбағанын сұрады.
Марат Байзақовтың айтуынша, бұл жағдай қылмыстық іс аясында қаралып жатқандықтан, компания ең алдымен Қазақстан заңнамасында көзделген тәртіппен әрекет еткен.
“Қазақстанның қылмыстық-процестік заңнамасында мұндай жағдайда консулдыққа жүгіну қылмыстық істі жүргізудің жеке тетігі ретінде қарастырылмаған. Сондықтан біз арыз бердік. Сол арыз бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс тіркелді”, – деді адвокат.
Оның сөзінше, іс бастапқыда ҰҚК департаменті мен Бас прокуратура өкілдері кірген ведомствоаралық тергеу тобының өндірісінде болған. Осы себепті жәбірленуші тарап тергеудің әділ әрі объективті жүргізілетініне сенген және қосымша халықаралық тетіктерге жүгінуді қажет деп санамаған.
Байзақов Бас прокуратура жүйесінде инвесторлардың құқықтарын қорғауға жауапты арнайы құрылым бар екенін де атап өтті. Компания өкілдері қылмыстық істің осы органның бақылауында болуы шетелдік инвесторлардың мүддесін қорғауға жеткілікті болады деп есептеген.
“Істі бірнеше ведомство бірлесіп қарап, тергеуге Бас прокуратура жетекшілік еткендіктен, бізде олардың әрекетіне күмән болған жоқ. Оның үстіне Бас прокуратурада инвесторларды қорғаумен айналысатын арнайы комитет бар. Қылмыстық іс сол құрылымның тікелей қадағалауымен қисынды аяқталады деп ойладық”, – деді ол.
Алайда адвокаттың айтуынша, ведомствоаралық тергеу тобы таратылып, іс тек Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілгеннен кейін компанияда тергеудің объективтілігіне қатысты күмән пайда болған.
“Қазір ведомствоаралық топты таратып, істі толығымен ІІМ-ге беріп отыр. Тергеу нысанында сол министрліктің қызметкерлері тұрғанда, мұндай шешім істің объективтілігіне кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеміз”, – деді Марат Байзақов.
Істі ІІМ-ге беру туралы қаулы көрсетілмеген
Заңгердің мәлімдеуінше, қылмыстық істің ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілуі жөніндегі процессуалдық қаулымен жәбірленуші тарап әлі таныспаған. Айтуынша, істің тергеу органын ауыстыру туралы шешім қабылданса, тиісті қаулы рәсімделіп, жәбірленуші тарапқа хабарлануға тиіс. Алайда компания өкілдеріне бұл ақпарат тек ауызша жеткізілген.
“Қаулы қабылданды ма, жоқ па – бізге белгісіз. Кез келген процессуалдық шешім туралы тараптарға заңда белгіленген мерзімде хабарлануға тиіс. Бірақ бізді қаулымен таныстырған жоқ. Істің басқа органға берілгенін тек ауызша естідік”, – деді адвокат.
Ол компанияның бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінуіне де осы белгісіздік себеп болғанын айтты.
“Қылмыстық істің тағдыры түсініксіз болып қалмауы, тергеу соңына дейін жетіп, барлық дәлел тиісті деңгейде жиналуы үшін журналистерге жүгінуге мәжбүр болдық”, – деді Марат Байзақов.
Мемлекеттік органдардан ресми жауап келмеген
Компания өкілдері Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға шағым жолдағанымен, әзірге ресми жауап алмағанын хабарлады.
Марат Байзақовтың айтуынша, бүгін компания өкілдері Шымкент қаласы прокуратурасының ғимараты маңында бейнемәлімдеме түсіре бастаған кезде оларды прокуратура басқармаларының бірінің басшысы қабылдауға шақырған.
“Біз шағымды бірнеше күн бұрын жолдағанбыз. Бірақ осы уақытқа дейін қабылданған шешіммен таныстырған жоқ. Бүгін прокуратура өкілі бізді қабылдап, жауап беретінін айтты”, – деді адвокат.
Тергеліп жатқан орган енді өзін-өзі тексере ме?
15 шілдеде компания өкілдері аталған істің тергеуі Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілгенін білген.
Жәбірленуші тарапқа бұл шешім алдын ала хабарланбаған. Сондай-ақ істі басқа органға беру себептері түсіндірілмеген және компанияның пікірі сұралмаған.
Инвесторлар дәл осы шешімге қарсы шығып отыр. Олардың пікірінше, қылмыстық іс Шымкент полициясы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты болғандықтан, оны ІІМ құрамындағы бөлімшенің тергеуі мүдделер қақтығысын туғызады.
“Біз бірнеше апта бойы мемлекеттің инвесторлардың құқықтарын қалай қорғайтынын күттік. Алайда полиция қызметкерлеріне қатысты істі қайтадан ІІМ жүйесіне берді. Сонда заң бұзды деген күдікке ілінген орган өзін-өзі тергеп, өзіне-өзі баға бере ме? Бұл бізге түсініксіз”, – деді инвестор Ю Чанци.
Компания құрылтайшылары арасында да дау туындаған
Кэ Сююнь кәсіпорынға жасалған рейдтен кейін компания ішінде де келіспеушілік басталғанын айтты.
Оның сөзінше, құрылтайшылардың бірі шетелдік инвесторлардың компания қатысушыларының құрамына заңсыз кіргенін және кәсіпорында заңсыз қызмет жүргізгенін мәлімдеген.
Қытайлық инвестор бұл пікірмен келіспейді.
“Біздің ойымызша, мұндай мәлімдемелер шетелдік инвесторлардың беделін түсіруге, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға және компанияны бір адамның бақылауына өткізуге бағытталуы мүмкін”, – деді Кэ Сююнь.
Алайда бұл мәселеге қатысты екінші тараптың ұстанымы әзірге белгісіз. Сондықтан корпоративтік дау жөніндегі мәлімдемелер компания құрылтайшыларының бір тарапының пікірі ретінде қарастырылуы керек.
Баспасөз конференциясын ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан билігі халықаралық алаңдарда инвесторларды қорғауға дайын екенін мәлімдегенімен, ел ішінде мұндай оқиғалардың орын алып отырғанын сынға алды.
Ол зауыт қызметкерлері ұсталған кезде Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловтың Гонконгта құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі құжаттарға қол қойғанын айтты.
“Бір жағынан, Қытай мен Гонконгта ынтымақтастық пен инвесторларды қорғау туралы келісімдерге қол қойылады. Екінші жағынан, Қазақстанда зауытқа арнайы жасақ кіріп, шетел азаматтары ұсталады. Мұндай қарама-қайшылық инвесторлардың сеніміне әсер етеді”, – деді спикер.
Президентке қандай үндеу жолданды?
Sin Yuan Steel компаниясының құрылтайшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қылмыстық істің тергелуін жеке бақылауына алуды сұрады.
Компания өкілдерінің айтуынша, олар ең алдымен қылмыстық істі ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне беру туралы шешімнің заңдылығына құқықтық баға берілуін қалайды. Сондай-ақ бұл шешімнің Конституцияға, Қылмыстық-процестік кодекске және инвесторлардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға қаншалықты сәйкес келетіні тексерілуі керек екенін атап өтті.
“Біз бұл істі ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті емес, бұған дейін тергеген ведомствоаралық тергеу тобы немесе құқық қорғау органдарынан тәуелсіз басқа орган аяқтағанын қалаймыз. Ең бастысы – тергеу барынша ашық, әділ әрі объективті жүргізілуі керек. Сонда ғана оның нәтижесіне жәбірленуші тарап та, қоғам да, халықаралық инвесторлар да күмән келтірмейді”, – деді Кэ Сююнь.
Компания құрылтайшысы Кэ Сююнь Қазақстанда әділ тергеу жүргізуге мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер бар екеніне сенетінін айтты.
“Шетелдік инвесторлардың құқықтары қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қорғалуға тиіс. Сондықтан Президенттен бұл жағдайды жеке бақылауына алуды сұраймыз”, – деді ол.
Компания өкілдерінің пікірінше, қылмыстық істі бұған дейін тергеген ҰҚК департаменті немесе Бас прокуратура үйлестірген ведомствоаралық тергеу тобы аяқтауы тиіс. Олар мұндай шешім тергеудің тәуелсіздігіне қатысты күмәнді сейілтіп, шетелдік инвесторлардың Қазақстанның құқықтық жүйесіне деген сенімін нығайтады деп есептейді.
Әзірге Шымкент қаласының прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі және Шымкент қалалық полиция департаменті компания өкілдерінің соңғы мәлімдемесіне қатысты ресми пікір білдірген жоқ.