Әлемдік мұнай нарығында баға қайта қымбаттап жатыр. Brent маркалы мұнайдың құны соңғы бір тәулікте тағы 3,7%-ға өсіп, барреліне 94,4 долларға жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сонымен қатар, АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайының бағасы 4%-ға өсіп, барреліне 87,71 доллар болды, деп жазады CNN.
Deutsche Bank сарапшыларының мәліметінше, мұнай бағасының өсуіне АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленістің бәсеңдемеуі және тараптар арасында бейбіт келісімге келу белгілерінің байқалмауы себеп болып отыр.
Бұған қоса, сарапшылар Йемендегі хусит қозғалысының Сауд Арабиясының Қызыл теңіз арқылы өтетін кемелеріне шабуыл жасау қаупі туралы мәлімдемесі де нарықтағы алаңдаушылықты күшейткенін атап өтті.
RBC Capital Markets дерегіне сәйкес, Сауд Арабиясы тәулігіне шамамен 4–5 миллион баррель мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Янбу порты арқылы экспорттай бастаған. Бұл – соғыс басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған мұнай көлемінің шамамен төрттен біріне тең.
Сарапшы Хелима Крофттың айтуынша, егер бұл бағыт та пайдалануға жарамсыз болып қалса, әлемдік мұнай жеткізіліміне елеулі қауіп төнеді.
«Егер бұл бағытты пайдалану мүмкін болмай қалса, мұнай жеткізіліміндегі іркілістер әлдеқайда күрделі сипатқа ие болады және біз баламасы жоқ жағдай туралы қайта айта бастаймыз», – деді ол.