Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қытай Халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті, деп хабарлайды Dala News.
Кездесу Қытайдың Хайнань провинциясындағы Боао қаласында өткен Азия форумының 25-ші сессиясы аясында өтті.
Роман Скляр қытайлық әріптесін «екі сессияның» сәтті өтуімен және Қытайдың 2026–2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының қабылдануымен құттықтады.
Сондай-ақ ол Қазақстанда 15 наурызда өткен референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданғанын атап өтіп, бұл ел дамуы үшін маңызды қадам екенін айтты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы парламентаралық байланыстардың нығаюын, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, сондай-ақ инвестиция, көлік және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қазақстанмен жоғары деңгейдегі сенімге негізделген стратегиялық әріптестікке Қытай ерекше мән беретінін айтты.
Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаларды қолдайтынын жеткізді.
Тараптар БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматтарындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
