Роман Скляр Eurasian Resources Group компаниясын басқаруы мүмкін. Бұл туралы Financial Times осы компанияның ішкі құжаттарына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, жұма күні директорлар кеңесі басшылық құрамдағы ірі өзгерістерді талқылау үшін жиналады. Соның ішінде Роман Склярды холдингтің жаңа басшысы етіп тағайындау мәселесі қаралады.
Қазір компанияны Шухрат Ибрагимов басқарады. Ол - ERG негізін қалаушылардың бірі Әлижан Ибрагимовтің ұлы. Алайда Financial Times мәліметінше, холдинг ішінде компанияны бақылауға қатысты тартыс жүріп жатыр.
Бұған дейін Александр Машкевич пен Патох Шодиевтің отбасылары өз үлесін қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке сатқысы келетіні айтылған еді. Мәміле шамамен 1,4 млрд долларға бағаланып отыр.
Financial Times ақпаратына сүйенсек, бұл келісімді Glencore қолдауға дайын. Басылым Роман Склярдың тағайындалуы мен акционерлер құрамындағы өзгерістер Қазақстан билігінің ERG-ге ықпалын күшейтуі мүмкін деп болжап отыр.