Рөлі оң жақта орналасқан көліктерді таксиге пайдалануға тыйым салынбақ

Рөлі оң жақта орналасқан көліктерді таксиге пайдалануға тыйым салынбақ
canva.com

Қазақстанда жүргізушілерге балдық жүйе енгізіліп, рөлі оң жақта орналасқан көліктерді таксиге пайдалануға тыйым салынбақ. Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін күшейтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты. Былтырдан бері Қазақстанда такси агрегаторларына бақылау күшейтілген. Цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылған.

Оларға рөлі оң жақта орналасқан 70 мың көліктің тізімі жіберілген. Сонымен қатар, шенеунік жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру жүйесі енгізіліп жатқанын айтты. Яғни куәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды.

Бұған қоса, жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексерістен өтуін, көліктердің техникалық тексерісі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу жоспарланып отыр.

"Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазір айыппұлды елемейтіндер бар. Олармен күресу мақсатында балдық жүйені енгізуді пысықтап жатырмыз. Ол әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте жасалған және ауыр заңбұзушылық үшін жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді", - деді Ержан Сәденов.