Риддер қаласында көптен күткен қуаныш. 1 қыркүйек – Білім күні шаһардағы қазақ тілінде білім беретін «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының жаңа ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңа білім ордасының құрылысы «Казцинк» компаниясының толық қаржылай қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа оқу жылын «Шаңырақ» ұжымы мүлде жаңа жағдайда бастады. 600 оқушыға шақталған заманауи мектепте балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, спортпен шұғылдануына және шығармашылық қабілетін шыңдауына қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған.
Білім ордасы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Риддер қаласының әкімдігі және «Казцинк» ЖШС арасындағы үшжақты меморандум аясында бой көтерді.

Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
“Биыл облысымызда 10 мыңға жуық жас бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оның 60-тан астамы осы Шаңырақ мектебіне қабылданды. Жаңа оқу жылында шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданы, жаңадан құрылған Самар ауданы және өндірісі қуатты Риддер қаласында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық заманауи “Шаңырақ” мектеп-гимназиясы – келешекте білім мен инновацияның көшін бастап, еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын!” - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа мектептің бой көтеруі – өңірдегі әлеуметтік әріптестіктің жарқын үлгісі. «Казцинк» ЖШС Бас директоры Жанат Жанботин білім саласына жасалған мұндай қолдаудың мәніне тоқталды.
“Бұл – кәсіпорын мен өңір арасындағы әлеуметтік әріптестіктің нақты нәтижесі. Себебі, білім саласына салынған инвестиция – ең алдымен, балалардың болашағына жасалған инвестиция. Алдағы уақытта әлеуметтік жобадарды қолдауға ат салыса береміз”, - деді "Казцинк" ЖШС Бас директоры Жанат Жанботин.

Жаңа білім ордасында оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. 5-11 сыныптарға арналған кең әрі жарық кабинеттер, мамандандырылған шеберханалар, заманауи кітапхана мен ресурс орталығы оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін толығымен оқшауланған әрі қауіпсіз оқу аймағы қарастырылған. Мектепте үлкен және кіші спорт залдары, 135 орындық акт залы, медициналық блок, сондай-ақ логопед пен психолог кабинеттері бар.

Балалардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануына да ерекше мән берілген. Заманауи жабдықталған асхана оқушылардың сапалы әрі ыстық тамақтануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мектеп аумағы да оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған кеңістікке айналған. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, кәсіби талаптарға сай 250 метрлік жүгіру жолағы, түрлі жастағы балаларға арналған ойын және демалыс орындары жабдықталған.
Риддердегі жаңа мектеп – білім алушылар үшін жай ғана жаңа ғимарат емес, білім мен ізденіске, спорт пен шығармашылыққа жол ашатын заманауи орта. Білім күні пайдалануға берілген бұл білім ордасы шаһардағы талай баланың үлкен арманына бастар алғашқы баспалдақ болмақ.