Республиканың жаңартылған Конституциясы заманауи талаптарға жауап береді - Қ.Мәми

Dalanews 20 мау. 2022 05:40 727

2022 жылғы 20 маусымда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жыл сайынғы Жолдауын жария етті.  

Кеңестің пікірінше, 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалады. Конституцияға түзетулер мен олардың негізінде қабылданатын заңнамалық актілер Жаңа Қазақстанның дамуына ықпал етеді.

Жолдауда Конституциялық Кеңестің 26 жыл ішіндегі қызметі қорытындыланды.

Қ. Мәми атап өткендей, осы жылдары Конституциялық Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады. Қоғамда резонанс тудырған отыздай заң конституциялық емес деп танылып, керісінше, бірқатар заңдардың Конституцияға сәйкестігі расталды.

Сонымен қатар Кеңес Ата Заңның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтінішті қарады.


Парламентке еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 27 Жолдау ұсынылды. Оларда еліміздегі конституциялық бақылауды жүзеге асыру тәжірибесі ашылып, заң шығару процесін жетілдіру, заңнаманы Конституцияға сәйкес келтіру туралы және т. б. мәселелер көтерілді.

Конституциялық Кеңестің төрағасы Кеңестің құқықтық ұстанымдарының заңдық күші алдағы уақытта да сақтала беретініне тоқталды. Бұл ұстанымдар еліміздің конституциялық құрылысының негіздері, мемлекеттің аумақтық тұтастығы, азаматтық институты, мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелеріне байланысты жасалған. Кеңестің бірқатар шешімдері қолданыстағы заңнаманың құрылымына, ұлттық және халықаралық құқықтың өзара әрекеттесуіне, нарықтық экономика қағидаттары мен меншік нысандарына, отбасы институтына, құқық қорғау жүйесіне, сайлау процесіне және адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру тетіктеріне қатысты болған.

Жолдаудың жеке тарауы Кеңестің конституционализмді дәйекті түрде бекітудегі және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудағы белсенді рөліне арналды.

Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның ережелерін ғылыми-публицистикалық түсіндіруді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта Конституцияға құқықтық түсініктемелер беріп, конституциялық құрылыс бойынша бірқатар кітаптар шығарылды.

2018 жылдан бастап Конституциялық Кеңестің жанында Ғылыми-консультативтік кеңес жұмыс істейді. Оның отырыстарында құқық эволюциясының көптеген өзекті аспектілері қаралды.   


Осы жылдар ішінде көпвекторлы сыртқы саясат аясында Конституциялық Кеңестің халықаралық байланыстары да дамыды. Ол БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ құрылымдарымен, Еуропа Кеңесінің Венециялық Комиссиясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Кеңес Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның, Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығының (төрағалық етеді) және Азиялық конституциялық соттар мен оған теңестірілген институттар қауымдастығының (2019-2021 жылдары төрағалық етті) мүшесі болып табылады.

Екіжақты қатынастар саласында 50-ден астам елдің конституциялық бақылау органдарымен тығыз байланыстар орнатылған.

Тұтастай алғанда, Конституциялық Кеңестің халықаралық қызметі құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту және Қазақстанның қолайлы имиджін қалыптастыру процесінде маңызды рөл атқарып отыр.

Конституция – азаттығымыздың айшықты айғағы, егеменді Қазақстанның берік тұғыры. Республиканың жаңартылған Конституциясы заман талаптарына сай келеді, деп қорытындылады сөзін Конституциялық Кеңестің Төрағасы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар