АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция салған соң мұның Қазақстан экономикасына қаншалық әсері болады деген үрей пайда бола бастады. Бұл мәселеге экономист сарапшы, экс-сенатор Уәлихан Қайсаров жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экономист Ресейге салынған санкция Ресейдегі доллардың ішкі бағытына көп әсер етпейтінін жеткізді.
"12-сі күні Америка қабылдаған санкцияларды қарайтын болсақ, сол кездерде доллар кейбір банкілерде 200 рубльге дейін көтерілді. Бірақ мұны дүрбелең деп айтуға болады. Қазір керісінше Ресей рублінің бағыты көтерілді. Ол нені білдіреді? Дүрбелең азайғанын көрсетеді. Ресей әлемдік санкцияларға өз экономикасын қалыптастырды. Бұл санкция аса қатты әсер етпейді. Ресейдің жалпы ішкі өнімі - 5,5 триллион доллар. Ол әлемдегі сегізінші экономика болып отыр. Еуропадағы төртінші экономика. ...Жалпы Ресейдің экономикасы қалай болсын көтеріліп жатыр", - деді сарапшы Barys Media-ға.
Сарапшы Ресей әскери өнеркәсіп кешені арқылы экономикасын көтеріп жатқанын айтты.
"Қара металлдар дейміз ғой, дүние жүзі мемлекеттері санкция салса да қара металл өндірісі, тұтынылуы көтерілді. Өйткені бәрі әскери кешенге бара жатыр: танк жасау керек, қару-жарақ жасау керек. Олар экономикасын әскери соғыс арқылы ұстап отыр. Ресейдің экономикасы алдағы бір-екі жылдықта құлдырайды дегенге күмәндімін", - деді ол.
Уәлихан Қайсаров бұл жағдайдың Қазақстанға қандай әсері болатынын айтты.
"Қазақстандағы теңгенің бағыты долларға қараған кезде сәл көтерілді. Бірақ бүгін өз орнына келіп жатыр. Теңге болсын, Ресейдің рублі болсын, олардың бағыты импортқа байланысты. Егер шетелден алып келетін заттар, тауарлар көбейетін болса, әрине, доллардың бағыты көтеріледі. Оған қоса өзіміздің, Ресейдің экспорты бар. Ресейде қазір ағаш экспорты азайды, газ экспорты азайды, Қытайға сауда балансы мүлдем өзгерді. Олардың сауда-саттығы тым азайған жоқ. ...Көп адам Ресейдің шаруасы бітті дейді, ол шындыққа сай келетін нәрсе емес.
...Қазақстанды айтатын болсақ, жағдай, Ресейге салынған санкция Қазақстанға қатты әсер етпейді. Өйткені Қазақстан арқылы жасап жатқан сауда-саттығы өте аз. Көбін Қытай арқылы жасап жатыр, Үндістан, Түркия арқылы жасап жатыр. Меніңше, егер Қазақстанда доллар көтерілетін болса, 470 теңгеден аспайды. Керісінше жаздың аяғына дейін доллар 450-455 теңге көлемінде болуы керек", - деді сарапшы Barys Media-ға.
Айта кетейік, бұған дейін экономист Расул Рысмамбетов The Times of Central Asia басылымына Ресейдегі бірқатар қаржы құрылымына қарсы санкция Қазақстанға тікелей әсер етпейтінін мәлімдеген еді. Алайда Ресей билігінің әрекеттері Қазақстан үшін міндетті түрде зардаптарға әкеп соқтырады.
"Бір сәтте Ресейдің қаржы билігі санкциялардың қысымы олардың қызметін қиындатуға емес, олардың қаржылық құрылымын бұзуға бағытталғанын түсінеді", - деп жазды Рысмамбетов әлеуметтік желілерде.
Дегенмен сарапшы рубльдің құнсыздануы қант, сүт және астық өндіретін қазақстандық кәсіпкерлерге әсер етеді деп санайды.