Отандық жүк тасымалдаушылар Ресейде болу мерзімдері бойынша шектеулерге жаппай тап болуда. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, тіпті баз бір тасымалдаушылар осы себепті тергеу изоляторларына да тоғытылған. Депутат ережеге сәйкес шетелдіктер елде күнтізбелік жыл ішінде 90 тәулік бойы визасыз бола алатынын еске салды. Алайда, бұл норма халықаралық автомобиль тасымалының ерекшелігін ескере бермейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біздің жүргізушілер басқа елдің аумағында жеке себептермен емес, еңбек міндеттерін атқару кезінде болады. Алайда, жаңа талаптар оларды іс жүзінде Ресей заңнамасын бұзушылар қатарына жатқызып қояды. Ресей мен Беларусь территориясында болу уақыты біріктіріліп есептеліп, яғни Беларусь арқылы транзит Ресей Федерациясында болу мерізімі ретінде есептеліп жатады. Еуропалық Одақпен шекарадағы, сондай-ақ Ресей – Қазақстан шекарасындағы рәсімнен өту үшін кезекке тұрған көп күндер Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің жүргізушілері үшін де жалпы лимит - 90 күнге қосылады", - деп жазады Нажметдинұлы Facebook-тегі парақшасында.
Депутат ЕАЭО, сондай-ақ СІМ және ІІМ шеңберіндегі интеграция және өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік ететін вице-премьер Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдады.
"Мәселе теориялық сипатта емес, адал қазақстандық тасымалдаушылар іс жүзінде Ресей мен Беларусь территориясы арқылы өтетін маршруттарға қолжетімділікті жоғалту қаупі бар шектеулерге ұшырауда. Егер алда да бұл жағдай өзгермесе, бізді жылжымалы құрамның тапшылығы, шығындардың өсімі және нарықтан қазақстандық компанияларды Беларусь және Ресей тасымалдаушыларының ығыстыруы сынды мәселелері күтіп тұр ", - деп санайды Нәжіметдинұлы.
Өз кезегінде, ол атап өткендей, Қазақстан адал және әріптестік тәсілді қолданады: елде болу мерзімдері бойынша шектеулер халықаралық және транзиттік жүк тасымалы және жолаушылар көлік құралдары жүргізушілеріне қатысты қолданылмайды. Депутат Қазақстан тұрақты және қауіпсіз көлік қатынасы үшін жағдай жасай отырып, шетелдік тасымалдаушыларды осындай талаптардан босататынын атап өтті.
"Аталған мәселенің Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде қарастыруға ұсынылуы және біздің елдеріміз арасындағы әріптестік диалог аясында оның қаралуы қажет деп санаймын. Біздің тасымалдаушылар өзара келісілмеген шешімдердің кепіліне айналмауы керек", - деп сөзін түйіндейді депутат.