Ресей Байқоңырды дамытуға бар күшін салады: Путин Тоқаевқа сәлемдеме жолдады

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 13:16

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған құттықтау сөзінде Байқоңыр қаласының дамуына Ресей тарапы зор көңіл бөліп отырғанын және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрметті қазақстандық және ресейлік достар! Қадірлі Байқоңыр ғарыш айлағының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді аты аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. 1955 жылдың 2 маусымы – осы күні Кеңес Одағында ерекше маңызға ие зымыран сынақ алаңын, болашақта Жер бетіндегі тұңғыш ғарыш айлағына айналатын кешенді құру туралы мемлекеттік шешім қабылданды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бар-жоғы он жыл өткенде, сұрапыл соғыстың салдарынан еңсесі түскен, орны толмас шығын көрген көпұлтты кеңестік халық тек қираған қалалар мен ауылдарды қайта қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар экономикалық және технологиялық серпіліске қол жеткізіп, болашаққа батыл қадам жасай алды – адамзатты жұлдыздар әлеміне бастайтын ғарыш дәуірінің есігін ашты", – деді Путин өз құттықтауында.

Оның айтуынша, Байқоңырдың салынуы – кең көлемді ғарыштық бағдарламалармен қатар – нағыз ерлік, жанқиярлық пен қайсарлықтың үлгісі.

"Біз Байқоңырды жобалап, салып, алғашқы күндерден бастап ғарыш айлағында қызмет атқарған барлық одақтас республикалардан келген жүздеген мың адамның қажырлы еңбегіне, титандық табандылығына бас иеміз. Байқоңыр шежіресін жазған ғалымдар мен конструкторларды, сынақшы ұшқыштарды, азаматтық және әскери мамандарды жылы сезіммен еске аламыз. Дәл осы жерде, Байқоңырда адамзат тарихының жаңа дәуірі басталды, қиялдар шындыққа айналды. 1957 жылы дәл осы жерден Р-7 зымыраны арқылы Жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды. Ал 1961 жылғы 12 сәуірде Юрий Гагарин Байқоңырдан ғарышқа аттанып, Жерді айналып шыққан адамзаттың тұңғыш өкілі болды", – деді Ресей президенті.

Ол Байқоңыр тарихында басқа да айтулы сәттердің көп екенін атап өтті.

"1963 жылы тұңғыш әйел ғарышкер Валентина Терешкованың ұшуы, 1971 жылы әлемдегі алғашқы "Салют-1" орбиталық станциясының ғарышқа шығарылуы, 1988 жылы көп мәрте пайдалануға арналған "Буран" кемесінің ұшырылуы – осының бәрі Байқоңырмен тікелей байланысты. 1998 жылы дәл осы жерден Халықаралық ғарыш станциясының алғашқы модулі – "Заря" ұшырылып, жаңа дәуірге жол ашылды. Байқоңырдан осы уақытқа дейін екі жарым мыңнан астам зымыран ұшырылды. 200-ден аса ғарышкер осы жерден орбитаға аттанды", - деп қосты ол.

Путиннің сөзінше, Байқоңырдан ғарышқа тек кеңестік емес, түрлі елдерден шыққан ғалымдар да сапар шекті. Олар ғарыш кеңістігінде тың ғылыми тәжірибелер мен зерттеулер жүргізді.

"Байқоңырдың қазақ тілінен аударғанда "бай өлке" деген мағына беретінін ескерсек, бұл атаудың мәні өте терең әрі орынды. Бұл ғарыш айлағының әлемдік ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі – баға жетпес байлық. Қазіргі таңда Байқоңыр – әлемдегі ең ірі әрі заманауи ғарыш айлақтарының бірі. Онда шамамен жеті мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Ғарыш айлағының әлеуеті Ресейдің, ТМД елдерінің және өзге де мемлекеттердің ғарыштық бағдарламаларында белсенді қолданылады", – деді Ресей көшбасшысы.

Ол сондай-ақ Байқоңырды Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын символдарының бірі ретінде сипаттады.

"Екі ел арасында Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының қызметін реттейтін ондаған келісім мен шарттар бар. Байқоңыр – екі ел арасындағы интеграция мен өзара іс-қимылдың нақты жемісі. Ол – Қазақстан мен Ресейдің ғылым мен инновация, технология салаларындағы ықпалдастығының, халықаралық беделінің артуына зор үлес қосып отырған нысан. Ресей Байқоңыр қаласын дамытуға, ондағы қазақстандық және ресейлік тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты жұмыстарды жалғастыра береді. Ғарыш айлағын тиімді пайдалану және оның болашағын қамтамасыз ету – біз үшін басым бағыттардың бірі", – деді Владимир Путин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар